#Birge #TazaQazaqstan челленджіне қатысқан шығысқазақстандықтар сегіз жүз тоннадан астам қоқысты жинады

Дүйсенбі, 29 Шілде 2019 09:43

Шілде айының 27-сі күні сағат 10.00-де Шығыс Қазақстандағы 19 қала мен ауданда бір мезетте #Birge #TazaQazaqstan атты экологиялық акция бастау алды. Оған аймақтағы 33 мыңнан астам тұрғын жиналып, демалыс орындарының аумағын қоқыстан тазартуға қатысты. Сөйтіп, бірнеше сағаттың ішінде 800 тоннадан немесе 3206 текше метрден астам қоқыс жиналып, аралдар мен саябақтар, өзен жағалаулары, қазаншұңқырлар (котлован), сондай-ақ Полковничий мен Комсомол аралдары, Үлбі жағалауы қалпына келтірілді.

- Біз бұл акцияға қатысқанымызға қуаныштымыз. Шығыс Қазақстан әрдайым әсем табиғатымен көз тартады. Сол себептен біз өңіріміздің одан сайын құлпырып, гүлденуіне үлес қосуымыз керек. Біз маңайды жинап жүрген кезде экологиямызға зиян келтіретін пластик ыдыстарды көптеп жинадық. Сондықтан бәріміз табиғатты аялап, әркім өз соңынан қоқысты жинап жүрсе екен деген тілегіміз бар, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Малика Елюбаева.
Акцияға қатысушыларға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев алғысын білдірді.
- Қоршаған ортаны қорғауды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Бұл біздің келер ұрпақ алдындағы парызымыз. Аталмыш акцияны дәстүрге айналдыру үшін біз жастарға үлгі көрсетуіміз керек, - деді ол.