Жылумен қамту бойынша келісімшарттың кемшіліктері қандай?

Жұма, 16 Маусым 2017 12:43

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама жұмыс тобы Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамасына сәйкес жылумен қамту бойынша келісімшарттың жобасын талқылады.

Жиналыста қарастырылған сұрақтардың бірі: Металлург ауылының территориясында орналасқан коттедждерде тұратын пайдаланушылардың жылумен қамту қызметтерін өтеу мәселесі. ТҮКШ және тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама жұмыс тобының жетекшісі Эдуард Датчиковтың айтуынша, одан аталған ауыл тұрғындарының бірі көмек сұрап, қажетті құжаттардың барлығын алдына ұсынды. Осы тұрғынның өз ісі мен үш коттеджі бар екен. Бұрындары кәсібі өрге басқан кезде, кәсіпкер әрбір үйін жылумен қамтамасыз ету үшін 500 мың көлеміндегі қаражатты төлеп келді. Қазірде жеке ісінің жағдайы ойдағыдай болмағандығынан, азамат егжей-тегжейлі есеп жасау керек деп шешті.
- Металлург ауылының территориясындағы жүздеген үйлердің келісімшарттарына сараптама жүргізу нәтижесінде, олардың барлығы қазіргі заңнамаға қайшы жасалғаны белгілі болды. Өз кезегінде пайдаланушы келісімшарттың мәніне үңілмей, оған қол қойып, артынша үлкен көлемдегі қаражатты төлеуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда олардың қолдарынан ештене келмейді, себебі келісімшартқа өзгеріс еңгізу тек сот арқылы жүзеге асырылады, - деді Эдуард Викторович.
Сонда мұндағы негізгі мәселе неде? Жоспар бойынша есептеу аспабы тұрғын үйдің жертөлесінде орналасуы тиіс, ал осы жағдайда ол жертөледен 72 метр қашықтықта тұрады. Сондықтан бұл құрылғы үйде пайдаланылатын жылуды және жылу жүйелеріне тиесілі трассада жоғалған жылу мөлшерін есептейді. Демек, жылу жүйелері пайдаланушылардан екі есе төлем алады. Ал Қазақстан Республикасының заңдары бойынша ешбір қызмет түрі бойынша екі есе төлем өндіру қарастырылмаған.

Гүлжан Естаева