Инватакси жұмысы бойынша жүргізілген мониторингтің аралық нәтижелері белгілі болды

Дүйсенбі, 26 Маусым 2017 17:24

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау бойынша сараптама жұмыс тобының жиналысында Өскемен қаласындағы инватакси қызметінің жұмысына жүргізілген мониторинг нәтижелері қарастырылды.

Жиналыс жұмысына қатысқандардың қатарында облыс маслихатының депутаты Олег Чернышов, сараптама тобының мүшелері, инватакси қызметін көрсететін ұйымдардың өкілдері және аталған қызметтердің пайдаланушылары бар.

Еске салсақ, сараптама жұмыс тобының өткен жиналысында инватакси қызметін көрсететін ұйымдардың жұмысына мониторинг жүргізу жоспарланған еді. Сарапшылар аталған зерттеу нәтижесінде пайдаланушылардан инватакси қаншалақты қанағаттанарлық қызмет көрсететінін анықтамақ болды.
- Біздің негізгі мақсатымыз – инватакси жұмысының проблемаларын
анықтап, оларды шешуге қатысты ұсыныстар жасау. Бұл қаламыздағы әрбір мүгедек адам үшін өте маңызды. Сондықтан тікелей пайдаланушылармен жұмыс жасау қажет, өйткені оларға көрсетілетін қызметтердің барлық жақсы мен жаман жақтарын өздерінен басқа ешкім дұрыс айта алмас. Сондай-ақ, оларда инватакси жұмысын жақсартуға байланысты ұсыныстары бар болуы әбден мүмкін, - деді ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау бойынша сараптама жұмыс тобының жетекшісі Ольга Кузовлева.

Мониторингтің аралық нәтижелеріне сәйкес инватакси қызметін пайдаланатын мүгедектердің жұмыс кестесінің сақталуы бойынша еш наразылықтары жоқ көрінеді. Алайда олардың айтуынша, аталған қызметтің жұмысында арнаулы инватакси көліктерінің жабдықталуына қатысты сұрақтар орын алуда.
Сонымен қатар жиналыс барысында жұмыс тобының сарапшылары Өскеменде ортақ қалалық инватакси қызметін құру туралы өз ұсыныстарын жеткізді.

Гүлжан Естаева