Саяжай мәселесі қоғам белсенділерінің назарында

Сәрсенбі, 12 Шілде 2017 16:04

Өскемен қаласының маңындағы бір саяжай ауданының тұрғындары жарықсыз, сусыз күн көріп келеді. Аталған мәселені назарға алған облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, ШҚО мәслихатының депутаты, Олег Чернышовтың бастамасымен арнайы комиссия құрылып, тұрғындардың көкейін тескен мәселелер назарға алынатын болады.

Әр уақыт өшіп қалатын жарық пен тартылмаған су желісі «Звездный» саяжай аумағының тұрғындарын мезі қылып бітірген. Оның үстіне әлсін-әлсін жанатын сығырайған жарықтың бағасы да қала тұрғындары төлейтін бағадан әлдеқайда жоғары. Ал саяжай ішіндегі жолдың мәселесін бірнеше мәрте қозғаған тұрғындар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырудан шаршап, амалсыздан үміттерін де үзген. Себебі қыс мезгілінде жолды боран алып қалса, күз, көктемде езілген жолмен жүрудің өзі мүмкін емес.

Аталған мәселені республика деңгейінде көтеріп, «Саяжай туралы заң» қабылдауды ұсынып жүрген облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, ШҚО Мәслихатының депутаты Олег Чернышов, тұрақты даму және ӨСАБ сұрақтары бойынша сараптама-жұмыс тобының мүшелері және қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері жуықта «Звездный» тұрғындарымен кездесіп қана қоймай, қалалық бірнеше бөлімнің өкілдерін кездесуге алып келді. Атап айтсақ, халық қалаулысының бастамасымен саяжай тұрғындары ішкі саясат, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, «Өскемен Тазалық» ЖШС, «Шығысэнерготрейд» ЖШС және жергілікті учаскелік бөлімнің өкілдерімен тілдесіп, өзін мазалаған сұрақтарды қоюдың мүмкіндігі түсті.
– Саяжайда қоныстанған тұрғындардың мәселесі тек біздің қалада емес, республиканың барлық аумағындағы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Себебі саяжайға көшіп келіп, осы жерге тіркелген азамат сапалы электр қуаты, су желісіне зәру. Әрине, ол азамат өзінің Конституциялық құқығын ту ете отырып, қала тұрғындарына жасалатын жеңілдіктерді талап ете алады. Бірақ біздің елімізде бұның барлығын жүйелейтін «Саяжай туралы Заң» жобасы жоқ. Егер заң болса, бұл сұрақтарды біржақты етуге болады, – деді Олег Чернышов.

Кездесудің қорытындысы бойынша, аталмыш саяжай аумағының сұрақтарын көтеріп, талқыға салып, шешу жолдарын қарастыратын арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Оған Қоғамдық кеңес, қалалық әкімдік бөлімінің өкілдерімен қатар, саяжай аймағының басшылығы да кірмек.