Облыста онкологиялық ауруларға шалдыққандар азайды

Жұма, 21 Шілде 2017 14:14

Облыстағы онкологиялық дертке шалдыққан адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын және олардың дәрі-дәрмектермен қамтылу деңгейлерін ШҚО қоғамдық Кеңесінің денсаулық сақтау бойынша сараптама жұмыс тобы талқылады.

Қазірде Шығыс Қазақстан облысында екі онкологиялық орталық бар: ШҚО онкологиялық диспансері және Семей қаласының өңірлік онкологиялық диспансері. Жалпы облыс бойынша диспансерлік есепке 18 612 адам тіркелген.

Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Гульмира Сагидуллинаның ақпаратына сәйкес 2016 жылдың статистикасы бойынша қатерлі ауруға шалдыққандар саны 301,6-дан 296-ға дейін азайған. Сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде облыста онкологиялық дерт кесірінен көз жұмғандардың көрсеткіші 135,5-тен 129-ға дейін төмендеді. Алайда бұл көрсеткіштердің республикалық деңгейге қарағанда әлдеқайда жоғарырақ екенін айта кету керек. Мәселен өткен жылы республика бойынша аталған ауруға шалдыққандардың өлім көрсеткіші 86,1-ге жеткен.

Соңғы жылдары облыста қатерлі ауларға шалдыққандар мен осы дерттен көз жұмған адамдар саны азайғанымен, сарапшылардың айтуынша, бұл салада өзге мәселелер де бар.
- Пациент үшін дәрі-дәрмектермен қамтылу және операция жасау сияқты дүниелермен қатар, осы емді қабылдауға арналған орынның жай-күйі де маңызды. Кейбір ғимараттардың төбелерінен су ағып та кетеді, ал бұл өз кезегінде бағасы қымбат жабдықтарға залалын келтіруі мүмкін. Қазіргі таңда бұл мәселе сатылап өз шешімін табуда, ШҚО Қоғамдық кеңесінің көмегімен облыстық онкологиялық диспансер ғимаратына орташа жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды, - деді Гульмира Габдулловна.

Гүлжан Естаева