Қоқыс мәселесі қалай шешілмек?

Сенбі, 12 Тамыз 2017 01:03

Өскемен қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру мен утилизациялау мәселелері экология бойынша сараптама-жұмыс тобының отырысында талқыланды.

Экологиялық Кодекске сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚТҚ полигонында қалдықтардың 17 түрін, соның ішінде қағаз, пластик, шыны және т.б. қабылдауға тыйым салынады. Дәл осы рұқсат етілмеген қалдықтар қала тұрғындарының күнделікті лақтыратын қоқыстарының негізгі бөлігін құрайды. Сарапшылардың айтуынша, туындаған мәселені қалдықтарды сұрыптап қайта өңдеу арқылы шешуге болады. Алайда бұл да оңай шаруа емес.
- Экологиялық Кодекске өзгерістер еңгізілген кезде де, одан бұрын да қоқысты сұрыптау станцияларын құруға дайын тұрған инвесторлар көп болатын. Олар өз бағдарламаларын әкеліп, осы іске деген үлкен үміттерін артып келетін. Бірақ нәтижесінде үміттері ақталмай жатады. Себебі сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысатын кешен жасалса да, инвестордың қалаған табысына қол жеткізуі екі талай. Ал бюджеттік демеусіз сұрыптау кешенін құру мүмкін емес, - деді «Өскемен СпецКоммунТранс»ЖШС директоры Николай Воробьев.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы Өскемен филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізу керек деп есептейді. Өйткені көп жағдайда қоқыс полигонға дейін жетпей жатады. Ал қала тұрғындары дәл қаланың орталығында шағын қоқыс үйінділерін өз қолдарымен көбейтеді.

Мұнымен қоймай өскемендік полигонның қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатының жарамдылық мерзімі 2020 жылы аяқталады. Мерзім ұзартылуы мүмкін, алайда ескі полигонның орнына жаңасын құру жоспарда бар. Самсоновка ауылының аумағында жер де бөлініп қойды. Сарапшылардың есептеуінше, қоқысты осындай алыс қашықтыққа апарған ыңғайсыз, ал жаңа полигонды салудың мүлде қажеті жоқ, қазіргі қоқыс тыстауға арналған жердің қалпына келтірілуі жеткілікті.

Айта кетейік, сараптама жұмыс тобы қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтап қана қоймай, осыған қатысты қажетті ақпаратты өкілетті органдарға жолдаумен айналысады

Гүлжан Естаева