Коммуналдық қызмет үшін дебиторлық берешекті азайту

Дүйсенбі, 28 Тамыз 2017 13:24

ШҚО Қоғамдық кеңесінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама  жұмыс тобының отырысында коммуналдық қызмет үшін дебиторлық берешек мәселесі қозғалды.

ТҮКШ пен тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама жұмыс тобының әрекеттері негізінен коммуналдық қызмет пайдаланушыларының құқықтарын қорғауға және табиғи монополия субъектілерінің мүдделерін құрметтеуге бағытталатыны белгілі. Сондықтан коммуналдық қызмет саласындағы дебиторлық қарыз сияқты өзекті мәселе қоғам белсенділерінің назарынан тыс қалмады.
- Осыдан бұрын Қоғамдық кеңес отырысында аталған мәселе талқыланған болатын. Анықталғандай «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның дебиторлық берешегі 600 миллион теңгені құрайды. Дәл қазір қарызды өтеудің амалын ұсына алмайтынымыз белгілі. Алайда бұл мәселенің шешілуіне атсалысу біздің қолымыздан келеді, - деді ТҮКШ және тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама жұмыс тобының жетекшісі Эдуард Датчиков.

Осы мақсатта сараптама жұмыс тобы жауап алу парағын дайындап, бұл мәселеге қатысы бар барлық тараптардың пікірлерін алуды жоспарлауда. Сауалнама жүргізілгеннен кейін сарапшылар аталған проблемаға қатысты өз ұсыныстарын жеткізетін болады.

Гүлжан Естаева