Катонқарағай ауданына еңбек инспекторы қажет

Дүйсенбі, 11 Маусым 2018 15:28

ШҚО қоғамдық кеңесінің Катонқарағай ауданының қоғамдық кеңесімен бірлескен отырысында жұмысты ұйымдастыру мәселелері қозғалды.

Отырысқа аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, ШҚО қоғамдық кеңесінің үйлестірушісі қызметін атқаратын ШҚО талдау және болжау институтының өкілі Аяужан Әшімова мен бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығып, пробация қызметінде тіркеуде тұрған адамдардың мәселелерімен айналысатын жұмыс тобының жетекшісі Виктор Дак қатысты. 

- Қоғамдық кеңестердің бірінші мәжілісінде Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес жұмысы республика көлемінде өзге аймақтарға үлгі ретінде қойылғаны өздеріңізге мәлім. Осы орайда облыстық қоғамдық кеңестің жұмысын ұйымдастыру ШҚО ішкі саясат басқармасы тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қаржыландырылып отырғанын айта кеткен жөн, - деді Аяужан Тұрсынбекқызы. – тиісті қаражат болмаса, кез-келген игі бастама басталмай жатып сөніп қалуы да ықтимал ғой.

Катонқарағай ауданы қоғамдық кеңесі мүшелерінің айтуына қарағанда, ауданда орын алып отырған өзекті мәселенің бірі – еңбек инспекторының жетіспеушілігі екен. Аудандағы шаруа қожалықтарының басшылығы жұмысшыларды қабылдағанда келісімшартқа отырмай, салық төлемеу үшін еңбекақысын еш жерде көрсетпей, қолма-қол беретін көрінеді. Бұл дегеніміз осы жұмысшылардың зейнетақы қорына салымы аударылып жатқан жоқ дегенді білдіреді. Ендеше күні ертең қартайғанда олар кімге сеніп қалмақшы? Күршім, Зайсан және Катонқарағай ауданына бөлінген жалғыз еңбек инспекторы түбегейлі тексеру жүргізуге үлгере бермейді. Аталмыш мәселе облыстық қоғамдық кеңеске жолданды. Алдағы уақытта тиісті жұмыс тобы бұл мәселемен айналысатын болады.