Есімдері ел есінде ме?

Сейсенбі, 19 Наурыз 2019 15:44

ШҚО талдау және болжау институтында облыстық Қоғамдық кеңестің жанында құрылған рухани келісім сұрақтары бойынша жұмыс сараптама тобының ағымдағы жылғы алғашқы отырысы өтті. Аталмыш іс-шара «ШҚО Ішкі саясат басқармасы» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының аясында «Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы аумақты басқаруға тұрғындарды тарту жолымен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты Өскемен қаласында туып-өскен атақты тұлғалардың есімдерін көпшілікке танытып насихаттау, олардың сіңірген еңбектерін тиісінше бағалауды қамтамасыз ету болды. Отырыс жұмысын ашқан облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов қазіргі таңда көптеген адамдардың қаладағы көше атауларының қай азаматтардың құрметіне және қандай еңбегі үшін берілгені туралы хабардар емес екендігін айтып, ондай ақпаратты білуге көп жағдайда құлықсыз екендігін атап өтті. Бұл ретте, облыс депутатының айтуынша, БАҚ және әлеуметтік желілердің рөлі артады. Өз кезегінде Олег Чернышов отырыс қорытындысы бойынша дайындалған шешімдерді іске асыруда облыстық Қоғамдық кеңестің, қаладағы жастар мен жастар ұйымдарының күшін жұмылдыруға дайын екендігін хабарлады. Отырыстың модераторы, жұмыс сараптама тобының жетекшісі Геннадий Пуссеп Өскемен қаласындағы мемориалды тақтайшалардың, ескерткіштердің жағдайын анықтау мақсатында отырысқа аумақтық өзін-өзі басқару кеңестерінің төрағалары, мұражай және мұрағат қызметкерлері, орта мектеп өкілдері шақырылғандығын айтты.
Отырыс барысында М. Әуезов атындағы №17 орта мектебі кітапханасының меңгерушісі Гузаль Дурдыева мектеп оқушыларымен бірлесе естелік тақтайшалардың орналасу жері мен олардың қазіргі жағдайын анықтау бойынша атқарылған жұмысы туралы мәлімдеді. Тақтайшалар ешкімнің қарамағында болмағандықтан, кейбіреуінің жағдайы мүшкіл екендігі анықталды. Бұл ретте отырысқа қатысушылар тақтайшаларды коммерциялық ұйымдардың балансына беруді ұсынды.
Геннадий Пуссеп осы және өзге де сұрақтарды қарастыру қорытындысы бойынша дайындалған ұсынымдар тиісті органдарға жөнелтілетіндігін атап өтті.