Семей қ. Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында жетімдер үйі мен интернат тәрбиеленушілерінің баспанаға қол жеткізу проблемасы қарастырылды.

Бейсенбі, 11 Сәуір 2013 19:10

Тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және қоғамдық көлік бөлімі бастығының орынбасары Сабыр Ашеловтың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Семей қ. баспана алу тізімінде 5639 адам тұр. Оларың 821 – балалар үйі мен интернаттың тәрбиеленушілері. Олардың алғашқысы тізімге 1991 жылы тұрған. Жылдар өтсе де, кезекте алға жылжу жоқ.

Әдетте, балалар үйінің және интернаттың тәрбиеленушілері баспана алу үшін жалпы қалалық тізімге тұрады. Қалалық билікте мемлекеттік тұрғын – үй қорының жоқтығы сияқты, олар үшін де жеке кезек жоқ.

- «2011 – 12 жж. балалар үйінің екі тәрбиеленушісі Шүлбі кентінен пәтерге ие болды, қала әкімі Әйбек Кәрімовтың шешіміне сәйкес осы жылы жетімдерге Семейдің Дочукаев к-сі бойында салынып жатқан жатақханадан үш пәтер, тағы 12 жетім бала Волгоградский көшесінің бойында «Жұмыспен қамту» бағдарламасының аясында салынып жатқан үйге қоныстанатын болады», - деді өз сөзінде қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева.

Аталмыш мәселені талқылау барысында, Қоғамдық кеңестің отырысында бірден болмаса да, бұл мәселені шешудің басқа да жолдары қарастырылатындығы айтылды. ШҚО екінші жыл қатарынан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету мақсатында «Мейiрiм» акциясы өткізілуде. 2011 жылы ШҚО әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен және облыстық мәслихаттың қолдауымен балалар үйі және интернат тәрбиеленушілерін қолдау бойынша кешенді жоспар қабылданған. Ондағы басты пунктердің бірі - баспана алуға көмектесу. Әрбір жетім балаға Тұрғын – үй құрылыс жинақ банкінен шот ашылған, онда ШҚО еңбек ұжымдары жыл сайын бір күндік еңбекақыларын салып отырады. Қалалық білім бөлімінің бастығы Гүлжан Алтынбекованың мәлімдеуінше, бүгінгі күні 237 жетім бала қала мен облыстың кәсіпорындары мен мекемелеріне бекітілген, олардың Тұрғын үй-құрылыс банкіндегі шоттарына 16 млн. теңгеден астам қаражат түскен. Алайда 67 жетім бала әзірге ешбір мекемеге бекітілмеген.

Отырыс соңында қоғамдық кеңес мүшелері жетім балаларды өз қамқорлықтарына алатын ұйымдарды іздестіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі ортақ шешімге келді.