ШҚО-да «Серпін» бағдарламасының алғашқы түлектері оқу бітірді

Бейсенбі, 22 Маусым 2017 12:43

Риддер қаласында «Серпін» бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы аясында алғашқы болып 22 студент оқу орнын тәмамдады.

Биылғы жылы Риддер аграрлы-техникалық колледжін 22 серпіндік студент аяқтап, 2 түлек оқуын ЖОО-да жалғастыруды көздесе, 20 студент Риддерде қалып, жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр. Оның ішінде «Казцинк» ЖШС іс-тәжірибеден өткен 7 студент қазіргі таңда 2023 жылға дейін кәсіпорынмен еңбек шартына отырып үлгерген. Қалған «серпіндіктер» де жұмыссыз қалмақ емес. Қала басшылығы кәсіпорындармен келісіп, оларды жұмыспен қамтамасыз етпек. 

– Мен осы өңірде жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Қалаға келіп білім алып, қазіргі кезде жұмыс істеп, жұмысымның жемісін көріп жүрмін. Болашақта осы қалада қалып отбасын құрсам деген жоспарым бар. Риддерге келгенде тіл мәселесінен қиналғанымыз бар еді, қазір жеткілікті түрде үйреніп алдым, – деді колледж бітіруші түлек Ержебай Арап.

Қазірде шаһар басшылығы даяр мамандарды баспанамен қамтамасыз етуді назарға алса, облыс әкімдігі түлектердің ата-аналарын аймаққа көшіп келуге шақырған.
Айта кетсек, «Серпін» бағдарламасы аясында Риддерде білім алып, оқуын тәмамдаған студенттердің бұл алғашқы легі. 3 жыл бойы оқыған студенттер бірден 2 мамандық дипломына ие болады.