ШҚО-да «Балық аулаушылар бірлестігі» құрылды

Сәрсенбі, 05 Шілде 2017 11:56

ШҚО-да әуесқой балық аулаушылар енді өз құқықтарын қорғап қана қоймай, табиғатты қорғауда және туризмді дамытуда мемлекеттік органдармен заңды түрде бірлесе жұмыс жасай алады.

Аталған жұмысты аймақта жаңадан құрылған «Балық аулаушылар бірлестігі» қоғамдық ұйымы өзіне жүктеп алып отыр. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында аталған бірлестіктің төрағасы Виктор Волков мәлімдеді.
– Бастапқыда біз тек ғаламтор желісінде түрлі форумдарда отырып, балық аулауға қатысты өз пікірлерімізбен бөлісетінбіз. Сондай-ақ, желі қолданушылары экологияны таза ұстау және заңсыз балық аулауға қатысты мәселелерді де көтеретін. Кейін ойлана келе ұйым құрып, барлығын заң тұрғысынан қолға алуды ұйғардық, – деді Виктор Волков.

Қазірде бірлестік мүшелері үш жобаны қолға алып отыр. Бірінші жоба бойынша, ұйымға мүше болып кірген азамат демалушылардың қоқыс шашқанын көрсе, бейнетаспаға жаза отырып, қоқысты жинауды талап етуге құқығы бар. Кейін ол бейнетаспа құзырлы органга тапсырып, қоқыс шашқан демалушыны жазаға тартуды талап ете алады. Бірлестікпен қазірдің өзінде «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС байланыс орнатып, «Экологиялық патруль» атын берген.

Екінші жоба аясында қоғамдық ұйым балық аулауға арналған орындар жайлы ақпараттық материалдар әзірлесе, үшінші жоба бойынша туризм дамуына үлес қосу жоспарланған. Яғни, келер жылы Ертіс өзені бойымен моторлы қайықпен шығатын 6 балық аулаушы ВВС-Discovery бағдарламасының стилінде балық аулауға, демалуға болатын орындар жайлы ток-шоу түсірмекші.