ШҚО-да түркиялық мамандар дәрігерлерге мастер-класс өткізуде

Сейсенбі, 18 Шілде 2017 12:16

Түркиядан келген 8 білікті маман өскемендік акушер-гинеколог, анестезиолог, акушер және неонатолог дәрігерлер мен медбикелерге мастер-класс өткізуде. Тәжірибелерімен бөліскен түрік дәрігерлері ана мен бала өлімін алдын алып, сәби дүниеге келген уақытта алғашқы 30 секундте көрсетілетін реанимациялық көмек жайлы айтып берді.

Аталмыш семинарды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) қолдауымен «Ана мен бала денсаулығын қорғау» жобасы аясында өткізуде.
– Нәресте дүниеге келген уақытта 30 секунд аралығында алғашқы реанимациялық көмек көрсетілуі керек. Бұның барлығы дер кезінде іске асқан уақытта ғана ана мен бала өлімін алдын алуға болады. Семинарды өткізіп жатқан түрік мамандары біздің дәрігерлерді жаңа әдістер мен технологияны меңгеруде жаңашылдыққа үйретеді деген сенімдемін, – деді Ана мен бала орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков.

Аймақтағы аудан-қалалардан келген 80-ге жуық дәрігер семинарда теориялық білімдерін практикада қолданып, арнайы манекенге тәжірибе жасамақ.
– Біз америкалық бағдарлама бойынша оқытамыз. Қазақстандық дәрігерлердің де білері мол. Қазір іс-тәжірибе алмасып, өзіміздің әдіс-тәсілдерімізбен бөлісудеміз. Қазақстандағы ана мен бала көрсеткіші біздің елдегідей түседі деген ойдамыз. Соңғы 20 жылда Түркияда бір мың сәбиге шаққанда өлім көрсеткіші 42%-дан 4,5%-ға дейін түсті, – деді педиатрия доценті, PhD доктор, стамбулдық дәрігер-педиатр Ширин Гувен.

Айта кетсек, Шығыс қазақстанда да сәби өлімінің көрсеткіші түсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда 32,3 %-ға дейін түскен.