Коммуналдық қызмет ақысының азаюы мүмкін бе?

Бейсенбі, 20 Шілде 2017 11:10

Коммуналдық қызмет көрсету саласында Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамасының бұзылу оқиғалары  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама  жұмыс тобының отырысында талқыланды.

ТҮКШ және тариф қалыптастыру мәселелері бойынша сараптама жұмыс тобының жетекшісі Эдуард Датчиков тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсету кезінде заңнаманың бұзылу жеті рет орын алған оқиғалар тізімін және 13 тармақтан тұратын табиғи монополия субъектілерінің қызметіне жасалған сараптаманы ұсынды.

- Аталған тізімде барлық бұзушылықтар көрсетілмеді, шын мәнінде олардың саны бұдан да көп. Егер менің осы мәселелер бойынша жасаған ұсыныстарым қабылданатын болса, заңнамаға өзгерістер еңгізіліп, тұтынушылардың коммуналдық қызмет үшін төлейтін ақылары да азаюы мүмкін, – деді Эдуард Викторович.

Коммуналдық қызметтің көрсетілуі кейбір жағдайларда ҚР-ның Азаматтық кодексіне қайшы келетін көрінеді, бұл тізімде көрсетілген бұзушылықтардың бірі ретінде қарастырылады. Осы кодекске сәйкес меншік иесі өзінің меншігіне жұмсалатын шығындардың ауыртпалығын өзі ғана көтеруі керек. Алайда мемлекет Өскемен қаласының жылу жүйелерінің иесі бола тұра, оларды «Өскемен Жылу Жүйелері» АҚ-ның балансына тапсырған еді. Табиғи мопонолиялар субъектісі болып табылатын бұл акционерлік қоғам үшін Ерекше тәртіп жасалып, оған сәйкес жылу жүйелерін ұстауға кететін шығындар ауыртпалығы тұтынушыларға артылған, бұл өз кезегінде ҚР Азаматтық кодексінің бұзылуы болып табылады. Осыдан бөлек мұндай жағдайды су шаруашылық жүйесінде және электроэнергетика саласында байқауға болады.

Қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында сараптама жұмыс тобы ШҚО Қоғамдық кеңесінің және түрлі саяси партиялардың заң шығару бастамашылығы құқығын пайдалануы арқылы заңнаманың бұзылу оқиғаларын көрсетіп қана қоймай, оларды жоюға қатысты ұсыныстар жасамақ.

Гүлжан Естаева