ШҚО инвесторларына қатысты мәселелер оң шешімін табуда

Жұма, 21 Шілде 2017 12:22

Шығыс Қазақстан облысының инвесторлары виза және лицензия алуда, сертификатты тіркеуде туындаған қиындықтар бақылауға алынды. Наурыздан бастап «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мамандарымен инвесторлардың 74 шағымын назарға алынып, оның 22-сі оң шешімін тапқан.

Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ ШОҚ бойынша өкілдігінің директоры Мадина Байсалбаева мәлімдеді. 100 күн аралығында компания өкілдері инвесторлармен 115 кездесу өткізіп, 74 шағымның 22-сі шешімін тапса, 52 өтініш әлі де қарастырылуда.
– Аймақтағы инвесторлардан әсіресе виза алу және құжаттарды қарастыру уақытының талабына қатысты сұрақтар келіп түсуде. Осы бағытта инвесторлармен және жергілікті атқарушы билік арасында байланыс орната отырып, мәселелерді қадағалауға алдық, – деді Мадина Байсалбаева.

Шетелдік инвесторлармен қарым-қатынас орнатып, олардың құқығын қорғау мақсатында құрылған «Kazakh Invest» ҰК» АҚ республика көлемінде 90 шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, 22 меморандумға қол қойған.