Өскемен мен Баян-Өлгей туыстас қалалар болмақ

Сейсенбі, 15 Тамыз 2017 13:10

Даниал Ахметов Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы губернаторы Ғылымхан Айппен кездесті. Қос тарап білім беру, туризм және бизнес салаларында өзара тиімді серіктестік орнату жайында әңгіме қозғады. Моңғолиялық деллегация Өскемен мен Баян-Өлгейді туыстас қалалар ету ниетімен бөлісті.

Кездесу шеңберінде Баян-Өлгей аймағының басшысы аймақтарының туристік әлеуеті, онда жыл сайын өтіп тұратын халықаралық бүркітшілер фестивалі туралы сөз қозғап, бұл жарқын іс-шара шығысқазақстандықтардың да қызығушылығын оятуы мүмкін деген ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, кездесу барысында Баян-Өлгейдегі көшелердің біріне Өскемен немесе Шығыс Қазақстан атауын беру туралы да ұсыныс білдірілді.
– Туыстас қалалар болу туралы ұсыныстарыңызды қолдаймын, Өскемен қаласы әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды тездеп қолға алуды тапсырамын, - деді Даниал Ахметов.

Кездесу соңында Шығыс Қазақстан облысы мен Баян-Өлгей аймағы арасында серікестік туралы меморандумға қол қойылды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі