Мемлекеттік қызметкерлер жемқорлықпен қалай күреседі?

Дүйсенбі, 28 Тамыз 2017 13:09

Кез келген мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетін негізгі фактор – жемқорлық. Белгілі бір жетістікке жету үшін біреуге пара беру сияқты құбылыс ежелден-ақ қалыптасқан. Ал осы қоғам дертінен арылудың амалы бар ма? Бұл сұрақтың жауабын ШҚО талдау және болжау институтымен бірлесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті таппақ болды.

Риддер қаласында «Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, соның ішінде жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиналыс жұмысына мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдері, депутаттар мен журналисттер қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлін, материалдық ынталандыру мәселесін және мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақының төленуінің жаңа жүйесін талқылады.
- Агенттігіміздің ойынша, жемқорлықтың пайда болу себептерінің бірі – жеткілікті дәрежедегі жалақаның болмауы. Бұл фактор мемлекеттік қызметкерді пара алуға итермелеуі мүмкін,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Арыстан Асқар.

Осыдан бөлек жемқорлықтың пайда болуына жол ашатын бірнеше өзге де себептер анықталған болатын. Солардың қатарында салалық заңдардың кемшіл болуы, тұрғындардың құқықтық мәдениет деңгейінің төмендігі, мемлекеттік және корпоративті басқарудың ашықтығының жоқтығы, қоғамда жемқорлыққа деген қарсылықты тудыратын ақпараттық жұмыстың болмауы.

Жоғары аталған себептерді жою мақсатында жиналыстың қатысушылары аймақтағы парақорлыққа қатысты әрекеттер жайында халықты құлақтандыру, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық кампанияны жүргізу және жемқорлыққа қарсы бұзушылықтар мен баптар жайындағы ақпаратты барынша түсінікті жеткізу туралы ұсыныстар жасады.

Гүлжан Естаева