Жемқорлық мәселесі Жарма ауданында талқыланды

Дүйсенбі, 28 Тамыз 2017 13:13

«Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, соның ішінде жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстел Жарма ауданында өтті.

Жемқорлық бұрыннан бері қоғамның негізгі дерттерінің бірі ретінде есептеледі және одан бірден арылу мүмкін емес екені де белгілі. Алайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті ШҚО талдау және болжау институтымен бірігіп жүйелі түрде бұл мәселені шешуге кірісті.

Департамент ұйымдастырған дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдар мен саяси партиялар өкілдері, депутаттар, журналистер және қоғам өкілдері қатысқан болатын. Олардың барлығын біріктірген бір ғана идея – қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Арыстан Асқардың есептеуінше, жемқорлыққа қарсы тұру үшін алдымен оның пайда болу себептерін анықтау қажет. Осы себептердің бірі ретінде жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы бойынша ақпараттық жұмыстың жоқтығын атауға болады.

Осы орайда өскелең ұрпақты назардан тыс қалдырмау үшін жиналыс соңында мемлекеттік қызметкерлерге балалар мен жастар арасында жемқорлыққа қарсы тақырыпта белсенді насихат жүргізу бойынша ұсыныс түсті.

Гүлжан Естаева