Қоғамдық кеңес жемқорлыққа қарсы құрал ретінде

Дүйсенбі, 28 Тамыз 2017 13:17

Абай ауданында «Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, соның ішінде жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Алғашқы қауымның өзінде-ақ қосымша жеңілдіктерге қол жеткізу үшін тайпа көсеміне сыйлық беру қалыпты жағдайға айналған. Алайда бүгінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті парақорлыққа қалыпты құбылыс ретінде қарамай, керісінше оның түпкілікті жойылуын өздеріне мақсат еткен. Осыған орай департамент ШҚО Талдау және болжау институтымен бірлесе отырып әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Жиналыс жұмысына қатысқан мемлекеттік органдар мен саяси партиялар өкілдері, депутаттар және қоғам өкілдері халықтың құқықтық мәдениетін жоғарылату, қоғамдағы жемқорлыққа деген қарсылықты тудыру мәселелерін, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуын талқылады.
- Өткен жылы заң бойынша барлық аймақтарда Қоғамдық кеңестер
құрылған болатын. Біз өз кезегімізде тұрғындар үшін маңызды мәселелерді көтеруге тырысамыз. Ал жемқорлық қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан, осы салада да Қоғамдық кеңестің әлеуетін қолдану қажет, - дейді Абай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Төлеубек Аманғазы.

Осылайша жиналыс аяқталысымен қатысушылар жемқорлыққа қарсы әрекет мәселелерін Қоғамдық кеңес отырыстарында көтеру туралы ұсыныс жасады.

Гүлжан Естаева