Сапа үшін жұмыс жасау

Дүйсенбі, 28 Тамыз 2017 13:21

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаралар аясында Өскемен қаласында «Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, соның ішінде жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті ұйымдастырған іс-шара мемлекеттік қызметкерлердің, мемлекеттік емес ұйымдардың, БАҚ пен бизнес-құрылым өкілдеріннің ортақ алаңда бас қосуына мүмкіндік берді. Ал олардың барлығына ортақ тақырып – жемқорлық.

Қазіргі таңда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына негативті әсер ететін түрлі кемшіліктер мен олқылықтар бар. Олар өз кезектерінде жемқорлықтың пайда болуына жағдай жасайды. Негізінен бұл мемлекеттік сатып алуға, ТҮКШ, су және жылу жүйелерінің құрылысына, тұрғын-үй инфрақұрылымдарын бекітуге қатысты болып тұр.

Өскемен қалалық Қоғамдық кеңесінінің төрағасы Станислав Каримовтың ойынша, қоғамдық айыптау нәтижесінде көптеген мәселелерді шешуге болады.
- Өз ісін сапалы орындайтын адам жасаған жұмысын өмір бойы мақтан тұтатын болады, соған орай айналадағы адамдар да оған оң көзімен қарайтыны анық. Бірақ егер сол адам тұрғызған үй ұзақ уақыт өтпестен қираса, онда қоғам да оған сәйкесінше көзқараста болады. Сондықтан құрылыс аяқталысымен нысанға куәлік тіркеу керек, сонда тұрғындар ғимаратты кім тұрғызғанын білетін болады, - дейді Станислав Александрович.

Сонымен қатар парақорлықты жою мақсатында дөңгелек үстел жұмысына қатысқандар әлеуметтік нысандар құрылысы кезіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресу тәсілдеріне қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Гүлжан Естаева