ШҚО шенділері Өскемен мен Семейдің барлық аулаларына барады

Сейсенбі, 19 Қыркүйек 2017 13:23

Жақын арада аула аумақтарын абаттандыруға бағытталған ауқымды үшжылдық бағдарлама бастау алады. Көптің назарына ұсынылатын алғашқы аула ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша 15-қазанға дейін дайын болады.

«Менің аулам» атты шартты атауы бар бағдарлама Өскемен мен Семейдегі аулалардың әрбір подъездін жарықтандыруға, тиісті аумағын абаттандыруға, қажет болған жағдайда көгалдандыруға арналған.

– Біз абаттандыру қаншаға шығатынын есептеп, ағаш отырғызу мәселесі қалай шешілетінін жан-жақты зерделейміз. Айта кету керек, ағаштарды бізбен бірге тұрғындар да отырғызатын болады. Бұл міндетті абыроймен атқаратынымызға сенімдімін. Ешкім де бей-жайлық танытпайды деп ойлаймын, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, біраз уақыт бұрын аймақ басшысы облыс орталығының Питер Коммунарлары көшесіндегі аулалардың бірінің тұрғындарымен кездесіп, барлық жұмыстардың уақтылы аяқталатынын жеткізген. Әкімнің жеке бақылауына алынған аула енді басқалары үшін үлгі болады.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі