МЖС аясында спорт саласындағы алғашқы келісім-шартқа қол қойылды

Сейсенбі, 19 Қыркүйек 2017 17:30

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында облыстық әкімдік пен «Тарлан батырлары» ЖШС арасында Семей қаласында спорттың күштік түрлерінен сервистік қызмет көрсету және жаттығу барысын ұйымдастыру туралы келісім-шартқа қол қойылды.

Осы мақсатта облыс әкімі Даниал Ахметов Қазақстан Бокс Федерациясы еншілес «Тарлан батырлары» ЖШС басшысы, Олимпиада ойындарының чемпионы Бахтияр Артаевты қабылдады. Айта кету керек, бұл Елбасының МЖС дамыту туралы тапсырмасы аясында аймақта дәл спорт саласында жүзеге асқалы отырған тұңғыш жоба.
- Бұл мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жақсы үлгісі. Оған әрі Олимпиада чемпионы қатысып отыр. Компания жаттығуға арналған ғимарат береді, білікті мамандар тартып, жаңа жаттығу әдістерін енгізеді. 3 жыл аясында 400 жуық бала жаттығатын болады. Жалғасын тапса құба-құп, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Өз кезегінде әкімдік жаттығу барысын ұйымдастыруға қаражат бөледі. Тегін сервистік қызмет сондай-ақ, спорт ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да көрсетіледі. Жалпы спорттың дзюдо, еркін күрес, ауыр атлетика, бокс және таэквандо сияқты бес түрі қамтылады.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі