ШҚО әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017 11:40

Аймақ басшысының қабылдауына келгендердің бірі - Көкпекті ауданының тұрғыны Баянды Қожамбетов. Оның айтуынша, Бастаушы ауылында мектеп ретінде қолдануға болар ғимарат бар. Тек күрделі жөндеуді қажет етеді. Істі бастауға қаражат тапшылығы қолбайлау.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Көкпекті ауданының бұрынғы әкімінің өтінішін тыңдап, құрылыс, сондай-ақ, білім басқармаларының басшыларына жағдайдың мән-жайын анықтап, ақша бөлуді тапсырды.
– Ауданға арнайы комиссия барады. Мәселенің бүге-шүгесіне дейін зерделейді. Қажет деп тапқан жағдайда келесі жылы ғимараттың жөндеуіне 80-100 млн. теңге бөлеміз. Бұл 700 млн. теңгені жаңа мектептің құрылысына жұмсап, қаражатты тиімсіз жұмсаудан жақсы, - деді облыс әкімі Даниал Аxметов.

Баянды Қожамбетов сонымен қатар аудандағы Мәдениет үйіне соғыс ардагері, Қазақ ССР мәдениет қайраткері Иван Федосовтың есімін беруді сұрады. Бұл бастаманы да аймақ басшысы қолдап, орынбасарына тиісті тапсырма берді.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі