ШҚО әкімі: «Жергілікті кәсіпкерлер қамы үшін құрылыс сапасын құрбан етпеу керек»

Жұма, 22 Қыркүйек 2017 16:45

Семейде абаттандыруға бағытталған ауқымды жұмыс қызу жүріп жатыр. Бірегей «Абай-арена» кешені бой көтеретін жаңа «Қарағайлы» шағын ауданы алдағы таңда қаланың ең көрікті жеріне айналмақ.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары кезінде айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы құрылысшыларға «Қарағайлы» шағын ауданында салынып жатқан үйлерге бұдан былай тек сапалы материал қолдануды тапсырды.
– Кірпіштің түсі аумауы керек. Егер жергілікті тауар өндірушілер сапалы өнім шығара алмаса, онда Қазақстанның басқа аймақтарынан, керек болса Ресейден алу керек. Жергілікті кәсіпкерлердің игілігі үшін құрылыстың сапасын құрбан ете алмаймыз, - деді Даниал Ахметов. – Егер кірпіштің түсі ай сайын өзгеріп, ағара беретін болса, бұқара ақшаны ауаға шашты деп сөгеді. Бұл мәселенің мән-жайын анықтап, тоқтатуды тапсырамын.

Қазіргі таңда жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданда инфрақұрылым желісі тартылуда. Алты түрғын үй бой көтерді. Алдағы уақытта «Абай-арена» спорт кешенінің, жаңа балабақша мен мектептің құрылысы басталады. Қалалықтардың игілігі үшін аулалар абаттандырылып, жайлы жағдай жасалады.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі