Аягөзде оқушылар енді үш ауысымда оқымайды

Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2017 10:57

Аягөз ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі биыл қолданысқа берілсе, екіншісі келер жылы есігін айқара ашпақ. Білім шаңырақтарының құрылысымен ауданға жасаған сапары барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов танысып қайтты.

Аудан орталығында орналасқан 600 орындыққа шақталған мектеп-лицейдің құрылысы былтыр желтоқсанда басталған. Құны 1 миллиард теңгеден асатын нысанды мердігерлер мерзімінен бұрын өткізгелі отыр. Жаңа мектеп ашылса, қаладағы үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі. Бүгінде Аягөзде білім беру мекемелерінде 1800 балаға орын тапшы. Аталған көрсеткішті еселемес үшін көктемде 500 орындық аралас бастауыш мектебі ашылған еді.
- Аягөз - ерекше аудан. Мектеп мұғалімдері тамаша білім көрсеткіштерін көрсетіп отыр. Осы жылы елімізде 8 бала ҰБТ 138 балл алса, оның екеуі Аягөздікі. Басқа аудан-қалалар үлгі алуы керек. Алдағы таңда екі мектеп іске қосылса, аудандағы өзекті мәселе – үш ауысым жағдайын біржақты етеміз. Сондай-ақ, «Туған мектеп» жобасы басталғанын атап өткім келеді. Оның аясында өңірдегі барлық мектептерді 3 миллард теңгеге заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтуды жоспарлап отырмыз, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Келер жылы Оңтүстік әскерилер қалашығындағы 600 орындық мектеп іске қосылмақ, сонда Аягөзде үш ауысымда оқыту толық жойылады.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі