Аймақтағы Ассамблея меңгерушілерінің қызметі облыс әкімінің орынбасары қызметімен теңестірілмек

Жұма, 29 Қыркүйек 2017 18:07

Әр облыста орналасқан Ассамблея меңгерушілерінің қызметі облыс әкімінің орынбасары қызметімен теңестірілуі жоспарлануда. Сондай-ақ, адам саны аз шағын ауыл-аймақ әкімдік аппараттарында қоғамдық келісім сұрақтарына жауапты маман тағайындалады.

Бұл жайлы Өскеменде өткен «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» 25 жылдығына арналған форумда белгілі болды. Бірнеше аймақтан келген Достық үйлерінің басшылары бас қосқан форум аясында Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласында алға қойылған мндеттерді іске асыру барысы талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко және айтуынша, Достық үйлері мемлекеттік орган мен тұрғындары арасындағы тығыз байланыстың бөлігіне айналуы қажет.
– Айтылған жаңашылдықтың барлығы жоба ретінде үкіметке тапсырылды. Жуық арада бұл жобалар қабылданғаннан кейін, Ассамблеяға жүктелер жауапкершілік артпақ. Ассамблея халықтар достығының, ал халықтар достығы бейбітшіліктің түп қазығы. Сондықтан осы салада аянбай қызмет атқару қажет, – деді Леонид Прокопенко.

Аталмыш форумның Өскемен қаласында өтіп отырғаны да атап өтетін жайт. Осыдан 25 жыл бұрын елдегі алғашқы Достық үйі Өскеменде ашылып, жұмысын бастаған.
– Достық үйі – халықтар достастығын айқындаған маңызды мекемелердің бірі. 25 жыл ішінде әрбір өңірлерде Достық үйлері ашылды, енді аудандарда да ашылып келе жатыр. Бұл – бейбітшіліктің белгісі. Биыл қаламызда өткен республикалық форумда басқа облыстардан әріптестеріміз келіп, тәжірибе алмасудамыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін бірлесе күш салып, қызмет етуіміз керек, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик.