ШҚО «Достық үйі» жаңа ғимарат сыйлыққа алды

Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 10:49

Биыл Қазақстандағы алғашқы достық үйіне – 25 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі тұсауын кескен бірлік шаңырағының осы уақыт ішінде жеткен жетістіктері зор. Бүгінде өңірдегі ішкі саяси тұрақтылықты қамтып, ұлтаралық татулықтың тірегі болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтарды сақтау және оны жаңғыртуға басымдық берді. Бұл ретте межелі мүддеге жету үшін ұлтына қарамастан әрбір қазақстандықтың қосар үлесі маңызды.

Айта кету керек, қазіргі таңда Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде теңдесі жоқ, саяси маңызы зор жалпыұлттық институтқа айналды. Қоғамдық келісімнің берік іргетасын қалыптастырды. Шығыста 105 астам ұлт өкілі бір шаңырақ астында тұрады. Тәуелсіздік алған күннен олардың ділін, дінін, тілін дамытуға бар жағдай жасалып келеді.

Айтулы күнге орай облыс әкімі Даниал Ахметов бірлігі жарасқан өңір xалқының атынан «Достық үйіне» ерекше тарту жасады.
– Біз, ең алғашқы Достық үйінің, Шығыста ашылғанын, әрқашан мақтан тұтамыз. Басты мақсаты ұлттардың тілін, мәдениетін жаңғырту, этносаралық келісім дәстүрлерін сақтау болып табылатын, киелі шаңыраққа, биыл 25 жыл толып отыр. Бұл өңір халқы үшін зор қуаныш, мерейлі мереке. Осындай қуанышты күнде сіздер көптен күткен сыйлықты табыс етеміз. Енді Металлургтер мәдениет сарайының ғимараты сіздердің еншілеріңізге берілді, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Ширек ғасыр бойы өңірдегі бірлікке ұйытқы болған Достық үйінің сан ұлттың қасиетті қара шаңырағына айналуына аянбай үлес қосқан барлық этнос өкілдерінің еңбегі зор екенін ерекше атап өткен орынды. Осы ретте елдегі ынтымақ пен достықтың нығаюына зор үлес қосқан азаматтар мерейтойлық медальдар және арнайы алғыс xаттармен марапатталды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі