Өскемен мен Семей көшелері жөнсіз жарнама конструкцияларынан босатылуда

Сейсенбі, 10 Қазан 2017 19:59

Шығыс Қазақстанның үлкен екі қаласындағы орталық көшелерде жарнама баннерлері мен билбордтарының көзін жойып жатыр. Басты себеп - қаланың сыртқы келбетін бұзып, қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтіруінде.

Екі ай бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов жол жиегіндегі учаскелерді жөнге келтіру туралы тапсырма берді. Іске білек сыбана кіріскен белсенділер осы аралықта Семейдің бір өзінде 47 жарнама конструкциясын жаңартып, көше бойынан 50 жарнама құрылысы мен кергілерді алып тастады. Өскеменнің өңін қашырған, заңсыз орнатылған сыртқы «жар салғыштар» қатары да көштен қалар емес.
– Семей мен Өскемен көшелерін қажетсіз жарнамалардан босату керек. Не қазіргі заман үрдісіне сай емес, не қалаға көрік беріп тұрғаны шамалы. Қарасаңыздар, жолдың екі жиегінде толып тұрған кәсіпкерлердің жарнамасы. Бизнесмендер қоғамды сыйлауы керек. Біз оларға әркез барынша қолдау көрсетеміз, бірақ ыңғайларына жығылмаймыз, - деді кеңейтілген аппарат отырысында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жол жиегін сыртқы жарнамалардан тазартуға бағытталған істің барысын облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов баяндады. Айтуынша, жарнама құрылысы мен кергілерді алып тастамас бұрын рұқсат қағаздарының бар-жоғы, стандарт талаптары мен «Тіл туралы» заңның сақталуы қатаң түрде тексеріледі. Кей жағдайда, тіпті, сотқа жүгінуге тура келеді. Айта кету керек, бұл жұмысты аудан орталықтарында да жалғастыру жоспарда тұр.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі