ШҚО әкімі өңір тұрғындарын мәдени мұраны ұлықтауға шақырды

Жұма, 20 Қазан 2017 12:30

Даниал Ахметов «Туған жер» бағдарламасы аясында аудандарды жергілікті мәдениетті сақтауға шақырды. Бұл Зырян ауданы тұрғындарына таңсық емес іс, себебі, олар ескі дәстүрді дәріптеп қана қоймай, өткен ғасырдың мұрасы болған ауыл клубын сақтап қалған. 

Бородино бұқарасының кіші отанына деген ықыласы аймақ басшысын бей-жай қалдырмады. Жарты ғасыр бұрын бой көтерген ауыл клубы тұрғындардың арқасында әлі күнге дейін қызмет етеді. Құлдырау жылдары ғимаратты «Бородино» шаруа қожалығының басшысы өз қамқорлығына алған. Уақыт өте мәдени орданы коммуналды меншікке өткізеді. Облыс әкімі Даниал Ахметовты клуб жастары мен қызметкерлерінің бабалар мирасына деген қамқорлығы тәнті етті. Өңір басшысы оларға халық ауыз әдебиетін жинақтап, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда белсенді болуға шақырды.
– Халық шығармашылығын, әр ауылдың дәстүрін қайта қалпына келтіру үшін жан-жақты жұмыс істеу керек. Мәселен, Зырян ауданында ескі дәстүрді ұстанушылардың ғұрпы, ал Тарбағатай ауданында көне қазақ әндері бар. Оның бәрі болашақ үшін қызықты әрі пайдалы болмақ. Өңірде тұрып жатқан басқа этностардың да дәстүрі туралы ақпарат жинақтау қажет, - деді Даниал Ахметов.

Атап өту керек, бүгінде Зырян ауданы халық шығармашылығын жинақтау жұмысын қолға алған. Жүзге тарта көне әндер жазылып, халықтың өткен ғасырда киген киімдерін қайта жаңғыртып жатыр.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: Шығыс Ақпарат