Зырянда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды

Дүйсенбі, 23 Қазан 2017 21:27

Алдағы уақытта Зырян ауданында тағы төрт бірдей көпқабатты тұрғын үй бой көтеруі ықтимал. Аудан билігі құжаттарды уақытында әзірлесе, облыс басшысы қаржылай қолдау болатынын жеткізді.

Қазіргі таңда Зырянда қызу қарқынмен 10-шағын аудандағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Баспана пәтер кезегінде талай жылдан бері тұрған қалалықтарға арналған. Жоспарға сай келер жылы қолданысқа берілуі тиіс. Ауданға жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі Даниал Ахметов көпқабатты тұрғын үйлерді барынша қаланың орта тұсына салуды тапсырды.
– Жұртқа инфрақұрылымы бар, қасында мектеп, балабақша мен демалыс орындары орналасқан жерде тұрған ыңғайлы. Сондықтан сырт жақта емес, қаланың ортасындағы бос жерлерге де баспана салынуы тиіс. Бұл әрі электр энергиясын, кәріз жүйесі сияқты қажеттіліктерді тартуда қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, бұдан былай пәтерлердің аумағын жоспарлауда ұқыпты болуға шақырды. Себебі, бөлмелердің шаршы метрі бүгінгінің стандарытна сай болуы тиіс.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: Шығыс Ақпарат