Қалқаман Сарин жастар мәслихаты депутатының қызына есім қойды

Дүйсенбі, 27 Қараша 2017 18:04

Бүгін Семей қаласында өтіп жатқан «TEDx Altai’» атты жастар форумы барысында шара қонағы Қалқаман Сарин Аягөз аудандық жастар мәслихатының депутаты Төлеген Талғаттың жаңа туылған нәрестесіне есім қойды.

Айта кетсек, форумға құрметті қонақ ретінде ақын Қалқаман Сарин және саясаттанушы, қоғам қайраткері Саясат Нұрбек қатысып, жастармен жүздесті. Аталмыш шара барысында жастар белсендісі, Аягөз аудандық жастар мәслихатының депутаты Төлеген Талғат ақын Қалқаман Саринге тілегін білдіріп, жаңа туған нәрестесіне есім қоюын сұрады.
– Шығыс өлкесі Абай, Шәкәрім, Мұхтардай тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті мекен ғой. Сол сияқты еліміздің ертеңін қалар тағы бір нәресте дүние келіпті. Сәбиге Абай атамыздың асыл әжесі Зеренің есімін бергенді жөн көрдім, – деді Қалқаман Сарин.

Екі күнге созылған форум барысында сондай-ақ облыстың белсенді жастарына арналған семинар-тренингтер де өтті. Семинар барысында жастар ұйымдарымен жұмыс жасау жолдары айтылып, Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасын іске асыру жолдары түсіндірілді.