ШҚО бюджет ашықтығы бойынша бірінші орында

Дүйсенбі, 04 Желтоқсан 2017 12:33

ШҚО Талдау және болжау институтында 2016 жыл бойынша Қазақстандағы жергілікті бюджеттер ашықтығының индексіне жасалған зерттеу нәтижелері талқыланды.

Жергілікті бюджеттер ашықтығының индексі облыс, аудан, облыстық маңызы бар қала, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейінде бюджеттік үрдістердің ашықтығын бағалауға мүмкіндік береді. Қай аймақ өз азаматтарына бюджеттік үрдіске қатысуға көбірек мүмкіндік беретінін анықтау үшін Қазақстанның Ұлттық бюджеттік жүйесі мен «Десента» Қоғамдық қоры «Қазақстандағы жергілікті бюджеттер ашықтығының индексі-2016» зерттеуін өткізген болатын. Осылайша, 2017 жылы Қазақстан Республикасының 16 әкімшілік-аумақтық бірлігінде зерттеу жүргізілді.

Аталған зерттеу нәтижесінде анықталғандай, Шығыс Қазақстан облысы 100 ұпайдың ішінен 73,23 ұпай жинады, бұл зерттеу аясындағы максималды индекс болып табылады.
-73,23 ұпайға шынымен де қуануға болады, себебі бұл зерттеудің өткізілу мерзіміндегі ең максималды нәтиже. Бұрын соңды мұндай болмаған, - деді «Десента» Қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Гуляев.

Аймағымыздан кейін рейтингтің екінші орнына 61,7 ұпай жинаған Павлодар облысы келіп тұрақтаса, үшінші орынды 58,18 ұпаймен Ақмола облысы иеленді. Ал елордасы Астана болса 31,5 ұпай жинап, рейтингта 13 орынды алыпты.

Нәтижесінде ШҚО облысы бойынша анықталған көрсеткіш жергілікті органдардың бюджет пен қаржылық әрекеттер туралы ақпараттың қолжетімділігін жоғары деңгейде қамтамасыз ететінін дәлелдейді. Алайда атқарушы билік органдарына ақпаратты ұсыну кезінде бастамашылдықты таныту, бюджетті құру және бекіту кезінде халықтың, қоғам белсенділерінің және мемлекеттік емес ұйымдардың пікірін жинаудың механизмін құру, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалану туралы ұсыныс жасалды.

Гүлжан Естаева