ШҚО-да мектеп ұстаздарына сыйлық жасауға тиым салынады

Дүйсенбі, 11 Желтоқсан 2017 11:57

Алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне орай аймақтың барлық білім ошақтарында оқушылардың ата-аналардан ақша жинауға тиым салынады. Қазірде облыстық Білім басқармасының басшылығы шығарған бұйрық мектептерге жолдануда.

Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жанна Қабдолдақызының қатысуымен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
– Қазірде біздің орган облыстық білім басқармасымен бірлесіп, мектептерде ата-аналардан ақша жинауды тиым салу мақсатында жұмыс жасауды көздеп отырмыз. Басқарма басшылығы сәйкесінше бұйрық шығарып, білім ошақтарына жолдады, – деді Жанна Қабдолдақызы.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекованың айтуынша, оқушыға сыйлық жасау үшін ата-ана ақшаны ерікті түрде тапсыра алады.
– Жаңа жыл мерекесіне орай мектептерде түрлі шараларға ата-аналардан ақша жиналуы мүмкін. Бұның өзіне тиым салып отырмыз. Ал егер балаларға жаңа жылдық сыйлық жасау үшін ақша жиналса, ол ата-ананың өз еркінде. Ешкім талап етпеуі тиіс, – деді Әсел Қайырбекова.

Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары мәлімдегендей, ұстазға сыйлық жасаған уақытта да сақ болған жөн. Себебі алғысын білдіремін деген ата-аналар мұғалімді қиын жағдайға қалдыруы мүмкін.