ШҚО Бесқарағай ауданына жаңа әкім тағайындалды

Дүйсенбі, 11 Желтоқсан 2017 14:06

Бесқарағай аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өкімімен Бесқарағай ауданы әкімі лауазымына Дәулет Батырбаев тағайындалды. Ол бұған дейін Ұлан ауданын басқарған болатын. 

Жаңа басшыны аудан активіне ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов таныстырды. 

Дәулет Батырбаев 1976 жылы 7 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Семей мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есепке мамандандырылған экономист», 2001 жылы Новосібір гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 1998 жылы Семей қаласында Новосібір гуманитарлық институтында әдіскер болып бастады. Бірнеше жыл «Азия» Фирма ЖШС брокер, директор, сонымен қатар, жеке кәсіпкер болып еңбек етті. 2009 жылы мемлекеттік қызметке өтіп, Өскемен қаласы кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман міндетінен бастады. 2010 жылы облыс орталығының Меновное ауылдық округі әкімінің орынбасары болды. Кейін бір жыл ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бөлім басшысы қызметіне ауысты. 2012 жылы Ұлан ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімнің басшысы, сол жылдың шілде айында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қызметіне ауыстырылды. Бұл лауазымда 4 жыл бойы еңбек етті. Ал 2016 жылы қаңтарда Ұлан ауданы әкімі болып тағайындалды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі