Шығыс Қазақстан МЖС жобаларымен көш бастады

Бейсенбі, 21 Желтоқсан 2017 10:26

Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) жобаларын жүзеге асыру жұмысы қарқынды түрде қолға алынды. Осы ретте Шығыс Қазақстанда бизнесмендер тек коммерциялық емес, әлеуметтік маңызды нысандарға қаражат құйып, іске жоғары белсенділікпен білек сыбана кірісті.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына сай, аймақтардағы әкімдіктер жылына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 5 жобаны іске қосулары тиіс. Бірақ Шығыс Қазақстан бұл бағытта 14,7 млрд. теңгенің 76 жобасын жүзеге асырып, бәсекеде басып озып, өңірлер ішінде көш бастады.
– 2017 жылдың басынан аталған индикаторға тек 9 аймақ қол жеткізді. Олардың ішінде Шығыс Қазақстан 76 жобамен 1-орынға шықты. Соңынан Ақтөбе, Қарағанды облыстары тұр, - деді әкімдік отырысында сөз алған «ШҚ аймақтық МЖС орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Надежда Акентьева.

ШҚО МЖС бойынша барлығы 168 млрд. теңгені құрайтын 168 жоба қолға алынған. Бір ғана мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етілетін жекеменшік балабақша қызметін қамтыған 64 келісімшартқа мөр басылды. Келер жылы Өскемен мен Семейде ауруханалар бой көтереді.
– Біз бұл мақтаудың буында жүрмей, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз керек. МЖС орталығы квазимемлекеттік сектордан жекеменшік салаға бет бұруға басымдық беруі керек. Облыс Еуропалық қайта құру және даму банкімен тығыз байланыста. Дәл осындай жұмысты өзгелермен де жүргізу шарт. Қазіргі таңда аймақтың инфрақұрылым желісін жаңғырту бағытында бірқатар істер атқарылып жатыр. Сумен, жылумен қамту, кәріз желілілері жөнделіп, қайта құрылмақ. Оған 40 млрд. теңге жоспарланған, - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Айта кету керек, желтоқсанның он алтысынан бастап МЖС жобаларын жоспарлау тәртібі қысқартылды. Тұжырымдама мен сараптаманы әзірлеу енді жоқ, нәтижесінде рәсімдеу уақыты 3 айды ғана қамтымақ.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі