Даниал Ахметов: «ШҚО оқушылары музей мен театрларға жүйелі түрде баратын болады»

Сейсенбі, 09 Қаңтар 2018 09:44

Енді Шығыс Қазақстан оқушылары музей мен театрларға жүйелі түрде баратын болады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағдарламасы талқыға түскен кеңейтілген аппараттық кеңесте айтты.

Шығыс Қазақстан облысында 10 аймақтық музей, сондай-ақ оның 5 бөлімі жұмыс істейді. Басты мақсаты - аймақтың тарихи, мәдени мұраларын сақтау, зерттеу және тарату. 2017 жылы өңірде 400-ден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылып, театр тарландарымен 585 саxналық көрініс қойылды. Облыс театрлары мен музейлерінің жұмысы қаншалықты тиімді болса да, облыс әкімі оқушылардың сол мәдени мекемелерге көп келе бермейтінін қатаң сынға алды.
- Мектеп оқушылары аймақтың музей мен театрларына жүйелі түрде барып тұрулары қажет. Тарих, география, биология және мәдениеттану сабақтарын өткізу үшін музейлерді пайдалану туралы бағдарлама дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, оқушылардың қойылымдарға баруына жағдай жасап, қосымша қаржы бөлейік, - деді Даниал Ахметов.–Өйткені барлық мемлекеттік бағдарламалар жастарға бағытталған және бұл балаларымызға біздің мәдени мұрамызбен танысуға мүмкіндік береді.

2017 жылы өңірде алты жоба «Рухани Жaңғыру» бағдарламасы аясында бастау алды. Атап айтқанда, «Киелі география», «Жаһандану әлеміндегі қазіргі Қазақстан мәдениеті»,«Туған жер» және басқа да жобалар ұлттық бірегейлікті және жаңа қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатында жүзеге асырылып келеді.
- Қоғамның рухани дамуына ерекше назар аудару қажет. Ал «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы осы бөліктің негізі болып саналады. Бұл мемлекеттік бағдарламаның мәні барлық бұқаралық ақпарат құралдарында лайықты жариялануы керек. Бұл бағытта жүргізілетін әрбір жұмыс әрбір азамат үшін анық болуы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда археологиялық зерттеулер жалғасын табуда. Бұл ретте аймақ басшысы Даниал Аxметов археологиялық зерттеулерге оқушыларды қатыстыру турасында тиісті бағдарламаларды дайындауды бұйырды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі