Темірлан мен Мадинаның ақ некесі қиылды!!!

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 16:27

Кейде он екі мүшесі сау адамдар тағдырдың болмашы сынағына шыдамай бордай үгіліп, өмірінен түңіліп жатады. Керісінше, туабітті кемтар немесе тағдыр тауқыметімен мүгедек болған жандар өмірге құштар келеді. Жаратқан Иеміз бұл жандардың бір мүшесін кем жаратып, мүмкіндігін шектегенмен, мұқалмас ерік–жігер, қажымас күш беріп, жан жарасын жеңілдеткендей. Олардың болашаққа құлшынысы, алға ұмтылысы, еңбектенуге ынтасы, бір сөзбен айтқанда, өмірге көзқарасы өзгеше. Бұған дәлел интелектерінде өзгерісі бар екі жастың үйлену тойы.

Бүгін, қасиетті жұма күні өңірімізде алғаш рет, аудандық әлеуметтік көмек көрсету орталығының тәрбиеленушілері Темірлан мен Мадинаның неке қию рәсімі заңды түрде және діни талаптарға сәйкес кесілді.Тағдырдың жазуына мойымаған Темірлан бүгін жеке отбасы болып, Алланың алдында ақ некесін қидырып, Мадина есімді сүйіктісін алақанына қондырды. Мүмкіндіктері шектеулі болса да, өмірге деген құлшыныстары көздерінен көрініп тұр.

Аудан көлемінде өткізілген бұл тойға аудан әкімінің орынбасары, мешіт имамының орынбасары, мәслихат депутаты, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық көмек көрсету орталығының қызметкерлері мен тәрбиеленушілері, қарттар, екі жақтың ата-анасы мен туған–туыстары қатысып, ізгі тілектерін білдіріп, сый–сиапаттарын табыстады.

Мемлекетіміз үшін мүмкіндігі шектеулі бір жан қоғамға бейімделсе, соның өзі орасан зор табыс, үлкен жетістік.