Семейде тегін WIFI бар жаңа автобустар жүретін болады

Жұма, 26 Қаңтар 2018 14:48

Өткен жылдың желтоқсанында семейліктер жалпықалалық бағдарға жіберілген 20 жаңа автобусты ерекше қошеметпен қарсы алды. Әлбетте, жылдар бойы күткен жаңалықтың көптің көңілінен шыққаны анық. Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстанның ірі екі қаласындағы қоғамдық көліктің сапасының бірнеше рет қатаң сынға алғаны белгілі. Оған себеп, жолақысын көтеруді талап етуден жалықпайтын тасымалдаушылардың ондаған жылдар бойы автобустарды жаңартуға деген құлықсыздығы.

Семейге қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға «BusReport» бағдарламасының көмегі зор болды. Енді қалалықтар барлық бағыттағы қоғамдық көліктердің қозғалысын «InfoBus» мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Бүгінде GPS-мониторингі бар интерактивті картаны 43 мыңнан аса семейлік қолдануда.

«BusReport» бағдарламасы тасымалдаушылар тарапынан бірқатар олқылықтарды анықтағанын да айта өткен жөн. Мәселен, былтыр №5, 8, 10, 22, 24, 37, 43 және 45 бойынша 8 бағытта қызмет көрсеткен «Семавтопарк» ЖШС-мен сот арқылы келісімшарт бұзылды. Қазір бұл бағдарлар байқау өткенге дейін «Мусапиров» ЖК және «Таксомоторный парк» ЖШС еншісіне өтті.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов аймақ басшысы Даниал Ахметов айтқан сынның орынды екенін атап өтті. 2015 жылы көлiк министрлiгi «тасымалдаушылардың әрбір 2 жыл сайын автобустарды жаңартып тұруы қажеттігі» туралы бұйрығы шыққан. Бұл талап тасымалдаушылармен 5 жыл бұрын жасалған келісімде болған жоқ.
 Биылдан бастап облыс әкімінің тапсырмасымен автобус парктерін жаңарту мақсатында байқаулардың талаптары түбегейлі өзгертілді. Сең сөгілгенін айта өтейік. Алдағы өтетін байқау қарсаңында тасымалдаушы кәсіпорындар жылжымалы құрамдарын жаңарта бастады. Мысалы, «Мусапиров» ЖК қала бойынша № 5,8,22 бағытында қызмет көрсететін орта санаттағы 20 жайлы автобусы бар паркті жаңалады. Оның үстіне орта санаттағы тағы 50 автобус алуды жоспарлап отыр, - деді сұхбат барысында қала басшысы Ермак Сәлімов.

Жақында Семейде электронды билет мәселесі шешімін таппақ. Сонымен қатар, қаланың қоғамдық көліктерінде WIFI сымсыз интернет желісі де орнатылмақ.

Ал Өскеменде жолаушы тасымалдаушыларының мәселесі ушығып тұр. Облыс басшысы Даниал Ахметов кәсіпкерлермен кездесіп, орын алған олқылықтарды заң шеңберінде шешуге көмектесетінін жеткізді. Десе де, автобус паркін жаңарту талабы күн тәртібінен түспек емес.
 Автобустарды жаңарту ісіне ұқыптылықпен қарап, мықтап қолға алуды тапсырамын. Семейде жаңа қоғамдық көліктер сатып алынып жатыр. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев пен тасымалдаушыларға жол картасын әзірлеуге 10 күн уақыт беремін, - деді тасымалдаушылармен кездескен Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қысында қалалық қоғамдық көлік жолақысы 90 теңгеге көтерілген. Ол кездегі кәсіпкерлер уәжі мен уәдесі тасымалдау жағдайын жақсарату еді.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі