ШҚО-дағы Үржар ауданының бас дәрігері қызметінен кетті

Бейсенбі, 01 Ақпан 2018 18:48

Үржар ауданындағы Шолпан ауылында балалар арасында А гепатитінің өршуі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы және комиссия өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында аудандық аурухананың бас дәрігері қателігін толықтай мойындап, қызметінен босатылды.

Кездесу барысында қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Газез Сулейменов халыққа Шолпан ауылында жүргізілген залалсыздандыру шаралары жайлы жəне Үржар ауданыдағы жалпылай эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат берді. Өз кезегінде, облыстық денсаулық сақтау басшысы Марат Шоранов тұрғындарға басқарманың бастамасымен қаржылық-шаруашылы пен медициналық қызмет көрсету жұмыстарын тексеру бойынша комиссиялар құрылғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Шолпан ауылына облыстық педиатр, Семей қаласынан инфекциялық сырқат бойынша маман, әдістемелік көмек көрсету үшін арнайы жұмыс тобынан құрылған лаборант мамандар жіберілді.
– Біз дәрігерлерге әдістемелік көмек көрсетеміз, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Барлық сырқаттанған және аурудың алдын алу үшін сырқаттан аман балалардың барлығын қарап шықтық. Қосымша қажетті сараптамалар да жүргізілді, – деді инфекциялық сырқат маманы Эльвира Исабаева.

Кездесу соңында жұмысында салғырттық танытқан бас дәрігер Жексенбай Тілеуберлин қызметінен босатылды. Өз сөзінде Жексенбай Тілеуберлин қатесін түгелдей мойындап, жіберген ағаттығы үшін халықтан кешірім сұрады.

– Ауданда қазір тұрғындар тарапынан науқастарды өз есебінен тасымалдау үшін дәрі-дәрмек және қыздыратын жақпа дәрілер сатып алу туралы түскен шағымдар бойынша арнайы комиссия жұмыс істеуде. Медициналық көмек көрсетудің заманауи болуы мен сәйкестігі, сапасы жайлы тексеріс жүргізіледі – деді облыстық денсаулық сақтау басшысы Марат Шоранов.

Сырқаттан қайтыс болған қыздың анасы ата-аналардан науқастарды жедел жәрдем көлігімен тасымалдау үшін, сондай-ақ, амбулаториялық емдеу кезінде ақша алынғаны жайлы ақпаратты растап отыр.
– Мен қорытынды сараптаманы күтемін, республикалық комиссия нақты диагнозды анықтап берсе деймін. Бұдан былай осындай қателіктерді болдырмау үшін кінәлілер өз жазасын алулары тиіс. Бұл жерде кінә бір ғана бас дәрігерден кеткен жоқ. Менің қызыма уақытылы дұрыс көмек көрсетілмеді,– деді журналистерге өмірден өткен қыздың анасы Индира Жәнібекова.

Жоғарыда айтылған комиссиялар жұмысы 1 айдың ішінде аяқталуы тиіс және оның қорытындысы жарияланды. Бір жыл көлемінде Үржар ауданындағы барлық медициналық қызметкерлері қайта аттестациялаудан өтпек.