Аягөз ауданының жастары Ақтоғай кен орнында жұмыспен қамтылмақ

Бейсенбі, 08 Ақпан 2018 12:08

Аягөз ауданының әкімдігі, облыстық білім басқармасы және «KazMinerals Aktogay» ЖШС арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Келісім аясында, Аягөз қалалық политехникалық колледжі енді Ақтоғай кен орнына мамандарды әзірлемек.

Қ.Р. Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру мақсатында аудан жастары жұмыспен қамтылып, республикадағы ірі кен орындарының бірі кәсіби мамандармен толықпақ. Осы орайда Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов, «KazMinerals Aktogay» ЖШС директоры Марк Ли Пейдж және ШҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмадилованың қатысуымен үш жақты меморандумға қол қойылды.

Қабылданған меморандум аясында Аягөз қалалық политехникалық колледжінің материалдық-техникалық базасы нығайып, студенттер кен байыту комбинатында іс-тәжірибеден өте алады. Артынша біліктілігімен көзге түскен жас мамандар аталмыш кен орнында жұмыспен қамтылмақ.