ҚР концессиялық үлгідегі алғашқы балабақшалар Шығыста бой көтереді

Жұма, 16 Ақпан 2018 11:55

Қазақстандағы концессия шарты бойынша әлеуметтік маңызы бар алғашқы нысандар Шығыста салынып жатыр. Оның бірі - Семейде бой көтеріп жатқан балабақша. Тәлім ошағы осы жылдың жазында пайдалануға берілмек.

320 орындық балабақша Семейдің Қарағайлы шағын ауданында салынуда. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шартын қабыл алған «Фирма Азия» ЖШС. Нысанды қолданысқа беру мерзімі осы жылға белгіленіп отыр. Қазіргі таңда мектепке дейінгі тәрбие ошағының іргетасы бекіп, қабырғалары қаланып қойылған.

Сонымен қатар, концессия шарты бойынша екі денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Өскеменде 300 орынға арналған көп салалы және Семейдегі 200 орындық балалар ауруханалары. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Зырян қаласында орталық жылу көзін қалпына келтіру жоспарлануда.
– Өткен жылы облысымыз елімізде бірінші болып бюджеттен тыс қаржы көзін тартуды көздейтін төрт концессиялық келісімшартқа қол қойды. Ол бойынша мемлекеттен жер және қажетті инфрақұрылым беріледі. Тиісті құжаттар ресімделген, енді аймақта толық жүзеге асуы тиіс, – деді Даниал Ахметов.

Сонымен бірге, 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында концессия шарты аясында тағы 14 жобаны іске асыру жоспарлануда.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі