ШҚО-да жеке тұрғын үйлер 11 типтік жоба бойынша салынады

Жұма, 23 Ақпан 2018 14:50

Шығыс Қазақстанда жеке тұрғын үйге арналған шағын аудандар пайда бола бастады. Аталмыш аудандарда халыққа жер телімі берілмес бұрын инженерлік-коммуникациялық желілер тартылмақ. Облыс бойынша жер теліміне кезекте тұрғандардың саны 29 мың адамды құрайды.

Қазірдің өзінде бұл бағытта 11 типтік жоба дайын тұр. Өскемен қаласының №28 тұрғын ауданында, Семейдің «Ақсай», «Ұшақтау», «Комсомол» аудандарында ішкі және магистральдік желілер тартуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Биыл облыс аумағында 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталады. Оның 399,2 мың шаршы метрі жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Саладағы өсім – 105 пайыз болады деп күтілуде.
Бұған дейін де айтылғандай жаңадан бой көтеретін ықшам аудандарда барлық үйлер бірыңғай сәулет үлгісінде салынады. Осылайша әр ауданның өзіне тән келбеті болады.

Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 39,1 млрд. теңгеге 874,5 мың шаршы метр баспана салынып, оның 380 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Өсім – 112%.