ШҚО-ның 200 педагогы осы жылы ағылшын тіліне оқытылады

Жұма, 23 Ақпан 2018 15:13

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында 200 химия, физика, биология, информатика педагогына ағылшын тілі оқытыла бастайды.

– Біздің міндет – білім саласын экономикалық өсімнің жаңа моделі үшін орталық буынға айналдыру. Осы орайда біз инфрақұрылымдық даму және Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұнға көшу бағытында алға жылжып келеміз. Біз үштілділік оқытуды енгізу бойынша ірі жобаны жалғастырып жатырмыз. Алғашқы екі кезеңде облыстың барлық мектептері үшін тілдер бойынша жаңа оқулықтар әзірленді және сатылып алынды, тіл пәндерінің 3400 оқытушысына диагностика және оқыту жүргізілді. Жұмыс осы жылы да жалғасады, – деп мәлімдеді ШҚО әкімі Даниал Ахметов өзінің тұрғындар алдындағы есебінде.

Белгілі болғандай, үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдер үшін сараланған материалдық ынталандыру жүйесі қарастырылған. Ол ең алдымен оқушылар білімін бағалауға негізделіпті. 2017 жылы тілдік пәндердің 12 мұғаліміне 170 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейінгі сыйақылар табысталған.

Сонымен қатар, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ҰБТ-ның орташа облыстық көрсеткіші республикалық деңгейден 1,7 балға асты және 82,2 балды құрады.
Тестілеуге қатысудың ең көп үлесі және жоғары көрсеткіштер Көкпекті (93,9 пайыз), Аягөз (90 пайыз), Тарбағатай (88 пайыз) аудандарында байқалады.
100 балдан жоғары ұпайды 20 ауылдық және небәрі 9 қалалық мектеп жинады. «Өскемен қаласы бұл тізімге үш мектеппен ілінген, ал Семей тізімде мүлдем жоқ. Менің ойымша, бұл цифрлар біздің ірі қалалардағы білім деңгейінің айтарлықтай құлап қалғанын көрсетеді. Бұл алаңдатарлық жағдай, осы ретте бәрімізге жұмыс істеу керек», – деп түйіндеді аймақ басшысы.