¬Өскемен мен Семейдегі білім беру үрдісінің сапасын арнайы комиссия тексереді

Сейсенбі, 27 Ақпан 2018 14:20

Шығыс Қазақстанның екі қаласындағы орта білім беретін барлық мектептерді кешенді тексеруден өткізеді. Мұндай тапсырманы облыс әкімі Даниал Ахметов берді. Аймақ басшысы қалалық оқушылардың алып жатқан білім сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. 

Айта кету керек, былтырғы оқу жылында ҰБТ бойынша жоғары нәтижелерді облыс орталығы мен Семейдің оқушылары емес, ауыл балалары көрсеткен еді. Мәселен, Аягөздің екі түлегі 138 балл жинап, ел ішіндегі үздік сегіздіктің қатарына енді.
– Мені Семей мен Өскемендегі білім сапасы алаңдатады. Тағы бір мәрте қала әкімдеріне білім беру жүйесін реттеуді тапсырамын. Көкпекті ауданында ҰБТ-де 100 баллдан жоғары жинаған мектептер саны осы қалалардан көп. Бұл деген аталған екі қала мұғалімдерінің білімділік деңгейі аудан орталықтарымен салыстырғанда төмен екендігін көрсетеді. Кешенді комиссия құрып, оның құрамына университеттің профессорлары мен оқытушыларын енгізіп, Өскемен мен Семейдің білім беру үрдісін тексеру керек, - деп тапсырды ШҚО әкімі Даниал Ахметов жиын барысында.

Арнайы топ жұмысын алдағы айларда бастайды. Құрамына сондай-ақ, депутаттар мен әр түрлі құрылым өкілдері де кіретін болады. Бұл ретте соңғы бірнеше жыл бойы ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары көрсеткіштерді Аягөз, Көкпекті және Үржар аудандарының оқушылары көрсетіп келе жатқанын тілге тиек еткен жөн.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі