Аягөзде зардап шеккендерге Ахметов бір айлық еңбекақысын аударды

Сәрсенбі, 14 Наурыз 2018 12:33

Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданында 189 үйді топан су алған. Оның 8 құлап қалған. Қазіргі уақытта судың арыны басылып тұрғындар үйлеріне қайтып оралды. Табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге көмек ретінде облыстық Парыз қорынан 50 млн теңге аударылды. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен баспасөз маслихатында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

Шығыс Қазақстанда ауа–райының күрт жылуы және толассыз жауған жауын-шашын кесірінен 229 үйді су басқан. Олардың 8-і құлап қалған, 10-ы апаттық жағдайда, 193-і аула, 110-ы саяжай. Ең көп зардап шеккен өңір Аягөз ауданы болып отыр. Мұнда 189 үйге су кіріп кеткен.
- Ең қиын жағдай Аягөзде болған. Біз бұл мәселені шеше алдық. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың көпшілігі өз үйлеріне оралды. Қазір 73 адам мектеп-интернатта жатыр. Оларға жер-жерден гуманитарлық көмек келуде. Ауданда зардап шеккендерге көмек беру мақсатында «Аягөз-Болашақ» қоры жұмыс істеп тұр. Бүгін таңертең сол қордың есеп шотына өзімнің бір айлық еңбекақымды аудардым,-деді Даниал Ахметов.

Ал, облыстық «Парыз» қорынан бүгін түсте 50 млн теңге жіберілген. Аймақтың дін өкілдері де алғашқылардың бірі болып, жылу жинауға кіріскенін айта кету керек. Облыстық мешіттің ұйытқы болуымен «Шығыс асары» акциясы ұйымдастырылған. Акция аясында облыстың кез-келген тұрғыны алғашқы қажеттілік заттары мен азық-түлікті мешіттерде ашылған пункттерге өткізе алады.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» жастар қанаты гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін ашқан. Ал қоғамдық белсенділер мен кәсіподақ өкілдері республика көлемінде «Тасқын-2018» акциясын қолға алып, 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинаған.
Аймақ басшысы, табиғат апаты салдарынан баспанасынан айырылған ешбір отбасы далада қалмайтынын қадап айтты.