НЕКЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫНА СЕРІК ТӘЖІБАЕВТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Дүйсенбі, 16 Сәуір 2018 16:17

Жер бетіндегі ең көне әлеуметтік институттардың бірі – отбасы. Ол қоғамның ажырамас бөлігі, сондай-ақ, шағын мемлекет. Оның іргесі тек сенімділік пен сүйіспеншілік қаланғанда ғана берік болмақ. Бұл шағын мемлекет өз отбасы мүшелеріне психологиялық және әлеуметтік сенім берумен қатар басқа да мәдени мұраларды келер ұрпаққа жеткізіп отырады. Мемлекет тарапынан некеге байланысты ұсынылып отырған жаңа Заң жобасы орынды. Елімізде жыл сайын тіркелген неке санының артуы қуантарлық жайт болғанымен неке бұзылуының саны да қатарласып артуы қатты қынжылтуда.

«Адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымдардың мәні мен маңызы жоғалып, жаңадан ғана отбасын құрған жас жұбайлар көп ұзамай өзара келіспей ажырасып жатыр. Негізі ажырасқандар әртүрлі себептерді алға тартып жатады. Солардың ішінде көп кездесетіні өскен ортасы, көзқарасы қысқасы әлеуметтік-мәдени жағдайлардың барлығы.

Көп жағдайда ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін толық орындамауының салдарынан шаңырақтары шайқалып, отбасының ажырасуларына апарып соғып та жатады. Нәтижеде екі жақ жарымжан жанға айналады. Рухы күйзеліп, халдері нашарлайды. Мұның себебі ерлі-зайыптылардың арасындағы түсінбестік, көзқарастарының әрқилылығы, келіннің ата-енесімен сыйыспауы, әлеуметтік жетіспеушілік, қайсы бірінің жаман әдетке үйір болуы секілді т.б. Дегенмен, шариғат аясында аталмыш мәселе тұрғысында саралайтын болсақ, бүгінгі күні кейбір ағымдар арасында өзекті проблемаларына айналғандығы да мәлім. Бұған байланысты дінтұрғысында «Талақ» мәселесіне қарасты шариғат заңнамаларын бұрыс идеологиялық ағымдар өз нәпсілеріне қоласты етіп, өзара ажырасу шарттары мен себеп-салдарын бұрмалау үстінде пәтуа шешімдерінің салғырттығы салдарынан қаншама апа-қарындастарымыздың көз жастарына күәгер болып жатырмыз. Мәселенің аса маңыздылығы жайында күдік жоқ. Өйткені жансақ пікірлі идеологиялық тұрғыда бұрыс ағымдар бағыттарына – Салафизм, Таблиғ жамағаты және Шииттік бағытындағы топтарын жатқызуға болады. Қазіргі таңда қоғамдағы ел-аузында тарап жатқан хабарларға мысалдар келтіре кеткеніміз орынды болар. Мәселен: Салафизм деп отырған бағытында отбасындағы әйел затына деген салғырттықтары соншалықты бөгде елде отырған шейхтарына ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, отбасындағы туындаған жағдайдан бейхабар бола тұра қалыптасқан дәстүріміздің салт-санасымен санасу жоқ, жеңіл халде ажырасуға пәтуа беріп жатады. Тіпті, әйел затының «Иддаттық» күту мерзімін ескермей, екінші бір бауырына жұбайын талақ еткендігін хабарлап, ажырасқан әйелінің мекен-жайын берумен қатар неке бабындағы шартнамалар орындалмай жатып екінші бір ердің некесін идда мерзімі өтпеген жесірмен қиылып жатқан жағдайлар да аз емес. Мұнымен оқиға аяқталғаны жоқ. Керісінше, жесірдің екінші рет ақ-некеге тұрғанымен бақытты боламын деген ойы бос қалады. Әлгі ердің бұрыс ағым ықпалында кеткенінен бейхабар жан, тізбекті ажырасу хикаясының зардабын қайта кешеді. Осылайша неке мен талақ оқиғалары ешқандай да дәйексіз әрмен қарай жалғасын тауып жатады. Ал Исламда ажырасуға деген мұндай қарым-қатынас үзілді-кесілді тыйым салынады. Өйткені Ислам – парасаттылық пен бейбітшілік діні. Ислам діні адамзатты ауызбіршілік пен этиканың ең жоғары деңгейіне шақырады. Ислам ғұламалары фиқһ саласына қарасты «Талақ бабындағы» ажырасу тарауын егжей-тегжейлі зерттеп, зерделей отырып, Сүннет жұрты және жамағатының көзқарастарын кеңінен саралаған болатын.

Ендеше, жалпы ажырасуға дін тұрғысынан қарасақ, мұсылман құқығы термині бойынша «талақ» деп аталады. Талақ айту – некенің бұзылуы. Әйелінен ажырасу, некелерін бұзу деген сөз.
Талақ – Жаратқан Жаппар Иенің адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы. Сол себепті Құранда Алла тағала мейлінше әйеліңмен тату болуға шақырып: «(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсықарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) адамдарға асығыс шешім қабылдамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескерткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһ тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3) – деп жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан.
Егер Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері бойынша әрекет етер болсақ, әрбір отбасының іргесі берік болары хақ.

Алайда статистикалық көрсеткіштер бұл айтылғандарға кереғар. Мысалы ҚР Әділет министрлігінің тіркеу қызметі төрағасының орынбасары Венера Калимова «2012 жылы 166 474 неке қиылған болса 47 598 рет неке бұзылған. 2013 жылы – 167 411 неке қиылса, 51 510 рет неке бұзылған. 2013 жылы тіркелген неке саны 937-ге артқан. Ал ресми неке бұзу саны бір жылда 3 мыңға жеткен», – дейді.

Бұл көрсеткіштер саны соңғы жылдары діни ағымдардың белең алуымен бірге күніміздегі жастар «шариғат жолымен шаңырақ көтереміз» деп Алланың қош көрмеген «талақ» деген жалғыз сөзді емін еркін қолдануымен артқан. Сондай-ақ, «талақ» сөзін әркімнің өз еркінше түсінуі салдарынан әлеуметтік негізгі мәселеге айналып отыр. Алайда дінімізде талақ етуде сөздің мағынасы аса маңызды рөл атқарады. Қалжыңдап айтылған талақ та ескеріліп, талақ ретінде есептелуі ықтимал екенін жастарымыз ескермеуде. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үш нәрсенің әзілі де, шыны да шын: үйлену, талақ ету және құлды азат ету» – деген болатын.

Мұсылман құқығы талақ үкімін жанұяны бұзу үшін емес, қайта жанұяның беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе жанұя болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ үкімі жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «талақ» үкімі арқылы тараптар кеште болса өздерінің қателіктерін түзетіп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзіне тең жар табуға мүмкіндік алады. Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі, ер кісі әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған. Сондай-ақ, Исламға дейін арабтар әйелдерін қалаған кезде талақ етіп, қалаған уаұытта қайта алатын болған. Отау құруды ойыншыққа айналдырған осы әрекетке Хақ дін тыйым салу мақсатнында үш талақпен шектеген. «Талақ екі рет…»,«егер ер әйелін үшінші мәрте талақ етсе, бұдан кейін оған, ол басқа ерге тимейінше халал болмайды» («Бақара» сүресі, 229-230).

Ер адамның «маған талақ айту құқы берілген» екен деп жөн-жосықсыз талақ айта беруі — қателік, күнә. Осындай қателікке жол бермеу үшін, шариғатта ажырасудың қарастырылған өзіндік жолдары бар.
Талақтың өзіндік рүкіні мен шарттары бар. Талақтың рүкіні әйелін талақ етердегі айтылатын арнайы сөзі мен тәсілі. Шарты – негізгі бөлшектерден тыс бірақ сол негіздердің құралуына арқау болған бөлшектер. Талақтың іске асуы үшін мынадай шарттар қажет. Олар: Талақ ететін ердің ақыл-есі түзу, балиғатқа жеткен болуы. Талақ етілетін әйелдің сол ерге некесі қиылған әйелі немесе «иддат» мерзіміндегі әйелі болуы шарт. Одан қала берді шариғатта талақтың түрлері бар. Олар:
1) Ражиғий талағы. Бұл талақпен идда ішінде қайта табысуға болады.
2) Байн талағы. Бұл талақпен некені қайта қидырмай табысу дұрыс емес.
3) Ғализ талағы. Бұл талақпен қайта табысуға тыйым салынады. Ол әйел басқа күйеуге тиіп, ол күйеуі онымен қосылмай, сол күйеуі өлмей немесе талақ етілгеннен кейін әйел иддасынан шықпай алдыңғы ерімен қайта табысуы мүмкін емес.

Мұсылман құқығында «талақ» етудің ерекше негіздері бар:
1. Құран мен Сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету тыйым салынған.
2. Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету мәкрүһ.
3. Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу сүннет.
4. Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз.
5. Араларында махаббат болмаған жанұялардың ажырасуы тұрғысында әр түрлі көзқарастар бар. Бұл ерлі зайыптылардың өздеріне қалған шешім. («Талақ» сүресі, 6-7).

Айтып кеткеніміздей жастардың қалаған уақытта үйленіп те қалаған уақытта «талақ» деп ажыраса салуы қоғам дерті. Бұл келеңсіз жағдайлардың алдын алудың жолдары қайтадан сол отбасы болмақ. Ондағы ата-ананың балаға берген тәрбиесі. Әр бір ата-ана баласына жақсы тәрбиеден де маңызды еш нәрсені мұра етіп қалдыра алмайды. Отбасы – баланың туған, өмірге қадам басқан табиғи топ, маңызды әлеуметтік орта. Отбасында баланың қажеттіліктері, баланың жеткіншек тұлғасының негізі болып есептелетін тәрбие мен әдеп осы жерде беріледі. Бұл табиғи ортада бала көргендері мен естігендеріне еліктеп, қабылдайды. Баланы тәрбиелі, иманды, инабатты етіп өсіруінде.

Сөз түйіні, ажырасу отбасы мүшелерінің барлығына, қала берді оның ішінде, жасөспірім балалардың енді ғана өсіп келе жатқан тұлғалық қасиетіне айтарлықтай зардабын тигізеді. Сондықтан да, отбасында ажырасуды болдырмау, сондай-ақ жаңа заң жобасындағы неке рәсімі АХАЖ тіркеуінен өткізілгеннен кейін барып қиылғаны некені ойыншыққа айналдыруға тосқауыл болмақ.

СЕРІК ТӘЖІБАЕВ