Дінаралық тұрақтылық және бейбітшілік

Жұма, 18 Мамыр 2018 13:22

Діни экстеремизм мен терроризм бүгінгі таңда күллі жаһанды алаңдатып отыр. Адамзат баласына қауіп төндіріп отырған осынау апатпен күресудің сан түрлі әдіс тәсілдерімен жолдары бар. Жаһанда дінаралық татулық барлығынан да аса маңызды сипатқа ие.

Күнінде әлемде қаншама адам лаңкестік әрекеттерден бақиға аттанып жатыр. Қаншама армандар үзіліп жатыр. Қаншама тағдырлардың тамырына балта шабылып жатыр. Дүниенің тыныштығын шайқағысы келгендер өздерінің арам пиғылдарымен жаман ниеттерін жүзеге асыру үшін сан түрлі айла әрекетке баруда. Бүгіндері әлем елдері әсіресе жетекші мемлекеттер дін аралық қақтығыстарды болдырмаудың жолдарын қарастыруда, осыған байланысты тың қадамдар жасалуда.

Бір ел тыныш болса, күллі адамзат баласы тыныштықта болады, бір мемлекет бүлінсе күллі жаһаннан маза кететіндігін бүгінгі әлемде болып жатқан лаңкестік оқиғалардан, соның салдарынан соғыс жүріп жатқан мемлекеттерден көріп отырмыз.
Қазақстанның ұстанған бағыты тұрақтылық, дін аралық татулық болып табылады. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан ұлы да игі істер мен батыл қадамдар, тың бастамалар әлем елдеріне үлгі болып отыр.
Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі» осының дәлелі. Тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшіліктің қазақстандық моделі әлем елдерінің қызығушылығын туғызып отыр.
Тұрақтылық болған мемлекетте даму бар. Бейбітшілік болған жерде экономикалық және әлеуметтік ілгерлеушіліктер болатындығы белгілі. Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістігі осының анық дәлелі.
Елбасымыздың бастамасы «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі тұғыры бейбітшілікті, ұлттар ынтымағын сақтай отырып, дамуға, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қосылуға негізделген.
Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халықаралық лаңкесшілдікке қарсы күрес саласындағы ықпалдастықтың нақты бағыттары бойынша барлық қатысушылардың белсенді диалогы орнайды деп есептейді» – деп көрсетті.
Елімізде әлем мемлекеттерінің қатысуымен діни лаңкестікке қарсы оны болдырмаудың бағыттары туралы ірі халықаралық шаралар өтіп жатады.
Ең алдымен лаңкестікті исламнан бөле қарау керек.
Ислам ешқашан жауыздықты қолдамайды. Ислам бейбітшіліктің діні. Адам адамға бауыр. Қасиетті Құранда «Бейкүнә бір адамды өлтірсе немесе жер бетінде бұзақылық қылса – күллі адамзатты өлтіргендей болады» деп көрсетілген.