Қазақ халқында исламмен ұштасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар

Жұма, 18 Мамыр 2018 13:28

Отбасы тәрбиесі тұтас қоғамға әсер ететіндігі белгілі. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.

Қазақта: «Отан отбасынан басталады», «Өз үйім-өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса ай мен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады» деген ұлағатты сөздер бар. Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Халқымыз тектілікке ерекше көңіл бөлген. Текті болу дегеніміз - өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтауға жатады.
Қазақ халқында дәстүрлі ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады.
Отбасы бірлігі бекем болса болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесіде ұлағатқа толы болмақ. Ұрпақ тәрбиесіне қазақ халқы қашанда бейжай қарамаған. Халқымызда ғасырлар бойы қалыптасқан бала тәрбиесінің озық үлгісі бар. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне қатысты тамаша тағылымдық өсиеттер қалдырған. Ұрпақ тәрбиелі болса сол ұлттың болашағы да жарқын болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ХХІ ғасырда әрбір отбасы тату, білімді әрі өнерлі болуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын.
Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген дана сөз бар. «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін арыдан бастау керек екендігін айтып кеткен. Ата-ананың бала тәрбиесіне ықпалы туралы ата-бабаларымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ұрпақа нақыл сөз қалдырған.
Қазақ халқы баланы жасында еркелетіп, есейе келе шаруа жайын үйретіп, бойжеткен кезінде сырлас етіп, отау иесі болғанда қос қанатының бірі ретінде көрген.
Бала тәрбиесі сонау ғасырларда өткен ислам ғалымдарының да назарынан тыс қалған жоқ.
Ата-бабаларымызда өз ұрпақтарына ең әуелі иманның жолын нұсқаған. Иманды болудың қағидаларын санасына сіңірген. Сол арқылы ғана қазақ халқы, біздің даңқты бабаларымыз тарихтың талай асуларынан талмай асып, өзінің елдігін сақтап бүгінге жетті.