Қоғамдық кеңес Бородулиханың денсаулық сақтау саласына оң бағасын беріп отыр

Дүйсенбі, 11 Маусым 2018 16:57

Шығыс Қазақстан облыстық және Бородулиха аудандық қоғамдық кеңестерінің бірлескен отырысы өтіп, онда қоғамдық кеңес жұмысын ұйымдастыру мәселелері қарастырылып, аудандық аурухананың бас дәрігерінің есебі тыңдалды.

Аудан тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі денсаулық сақтау саласына қатысты болғандықтан, отырыс алдында Бородулиха аудандық ауруханасына рейд жүргізіліп, облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау мәселелері бойынша жұмыс тобының мүшесі Алла Казакова аурухана жұмысымен егжей-тегжей танысқан болатын. 

- Аудандық аурухана Damumed кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы өз жұмысын сандық негізге ауыстыруда. Жарты жыл ішінде бізге қағаз құжаттар қажет болмайды, - дейді бас дәрігер Умуд Эфендиев. – аурухана жаңа құралмен жабдықталған, дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайыздан астамды құрайды.

Рейд барысында байқалғандай, ауруханада жергілікті дәрігерлердің күшімен күрделі оталар жасалады екен, кезек күткен халық жоқтың қасы, заманауи құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Тегін берілетін дәрі-дәрмек те толығымен алынып, тиісті жағдайда сақталуда.
Қоғамдық кеңес мүшелері бас дәрігердің есебіне көңілдері толып, жақсы баға берді.