ШҚО шағын комплектілі мектептерінің 573 мұғалімі жаңа IT сыныптарында сабақ өткізуге дайын

Жұма, 01 Наурыз 2019 16:16

Шығыс Қазақстан облысында барлық 655 жалпы білім беретін мектептерді IT сыныптарымен жабдықтау аяқталуға жақын.

Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Менің мектебім» өңірлік жобасын іске асыру аясында, 2018 жылы өңір оқушыларының 80% білім алып жатқан, толық комплектілі 277 мектеп Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты үлгісінде пәндік кабинеттермен, сондай-ақ, заманауи ІТ және роботты техника сыныптарымен жабдықталған болатын. Қазіргі таңда облыстағы шағын комплектілі мектептердегі 378 ІТ-сыныпты жабдықтау аяқталуда. Ол үшін облыс бюджетінен 900 миллион теңге бөлінген. Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық шағын комплектілі мектептерде, 500 актив-панел
орнатылады. Олар соңғы цифрлық технологиялар негізінде, оқушыларға жаратылыстану мен ғылыми пәндерді еркін және сапалы меңгеруге толық мүмкіндік береді. Бүгін Ұлан ауданындағы Базылбек Ахметов атындағы мектепте жаңа ІТ-сыныбын ашу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, оқушыларды жаңа «ІТ-сыныптарында бағдарламалау және модельдеу» пәніне оқыту үшін Семей қаласының Электротехника колледжі базасында облыстың шағын комплектілі мектептерінің 573 мұғалімі арнайы курстық дайындықтан өткенін хабарлады. – Барлық мұғалімдер әдістемелік құралдар және арнайы бағдарламалармен қамтамасыз етілді. Бұл ауыл балалары үшін бағдарламалау, 3D модельдеу және мехатрониканы оқып үйренудің жаңа мүмкіндіктерін ашады, – деді Әсем Бекқызы өз сөзінде. Айта кетейік, бүгінгі таңда ШҚО шағын комплектілі мектептерінде 25 мың бала білім алуда.